Израильдің Сомалилендті тәуелсіз мемлекет ретінде тануы не үшін дау тудырды

АСТАНА. KAZINFORM — Израиль Сомалиден бөлініп шыққан Сомалилендті тәуелсіз мемлекет ретінде тану жөнінде даулы шешім қабылдап, көптеген елдің наразылығын туғызды. Бұл туралы ВВС жазды.

Сомали, Сомалиленд
Фото: afrinz.ru

Бұл шешімді айыптаған соңғы ел – Қытай. Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Линь Цзянь журналистерге:

«Ешбір ел өз мүддесі үшін басқа мемлекеттердің ішкі сепаратистік күштерін қолдамауы керек немесе соған дем бермеуі тиіс», деп мәлімдеді.

Қытай бұл ұстанымын БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Израильдің шешіміне байланысты шұғыл отырыс өткізер алдында жариялады.

Жұма күні Израиль Сомалилендті тәуелсіз республика ретінде ресми түрде мойындаған әлемдегі алғашқы мемлекет болып отыр. Бұл – аймақтың Сомалиден тәуелсіздігін жариялағанына 30 жылдан астам уақыт өткен соң жасалған қадам.

Сомалиленд президенті бұл оқиғаны «тарихи сәт» деп атады, алайда Сомали Израильдің әрекетін өз егемендігіне жасалған шабуыл ретінде қатаң айыптады.

Сонымен қатар Түркия, Сауд Арабиясы және Африка одағы сияқты ондаған мемлекет пен халықаралық ұйым Израильдің күтпеген бұл мәлімдемесін айыптады.

Сомалиленд неліктен тәуелсіздікке ұмтылып келеді

Аден шығанағы жағалауында орналасқан, жер аумағы негізінен шөлейтті аймақ болып келетін Сомалиленд 1991 жылы Сомалидегі әскери диктатор Сиад Барренің билігі құлатылғаннан кейін тәуелсіздігін жариялады.

Бұл қадам Сиад Барре режиміне қарсы жүргізілген сепаратистік күрестен кейін жасалды. Сол кезде үкімет күштері аймақтағы көтерілісші жасақтарды қудалап, салдарынан ондаған мың адам қаза тауып, көптеген қалалар жермен-жексен болды.

Халықаралық деңгейде ресми түрде танылмағанына қарамастан, Сомалилендте жұмыс істеп тұрған саяси жүйе, мемлекеттік мекемелер, полиция күші және өз ұлттық валютасы бар.

Еске сала кетсек, Нетаньяху Иранды Израильге қарсы әрекет етсе, қатаң жауап қайтарылатынын ескертті.

Соңғы жаңалықтар