Jibek Joly арнасы Париж Олимпиадасынан хабар таратуға тас-түйін дайын
АСТАНА. KAZINFORM — Jibek Joly телеарнасы төрткүл дүние асыға күткен Париж Олимпиадасынан тікелей эфирде хабар таратуға сақадай сай. Телеарна ұжымы дәл қазір дүбірлі доданың ашылу салтанатын қалың көрермен назарына ұсынбақ.


Jibek Joly телеарнасы үшін Париж Олимпиадасын тікелей эфирден көрсету — тарихи оқиға. Бұл ретте әр қызметкер өзіне жүктелген маңызды миссияның жауапкершілігін сезініп отыр.

Париж Олимпиадасының ашылу салтанатына орай студияға спорт саласының жілігін шағып, майын ішкен мамандар келіп, ойларын ортаға салды.

Сидней Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, даңқты палуан Ислам Байрамуков күтпеген жерден қоржынға жүлделер түсуі мүмкін екенін атап өтті.

«Олимпиаданың қызығы сол, мықтылар көш соңында қалып, тасадағы спортшылар топ жарып кетуі ғажап емес. „Бақ шаба ма, бап шаба ма?“ деген сөз осындай дүбірлі додаларда айтылса керек. Әрине, ешкім ұтыламын деп келмейді. Бәрі барын салады. Осы ретте, отандастарымыздың Олимпиадаға дайындық жұмыстарын ойдағыдай жүргізгенін көз көрді. Яғни, жүлдеден бәрі дәмелі. Десе де, дзюдошылар Елдос Сметов пен Әбиба Абужақыноваға сеніммен қарайтындар көп. Қала берді, балуандар, боксшылар, оқ ату спортының сайыпқырандары ел қоржынына жүлде салады деген сенім мол», — деді Ислам Байрамуков.


Төрт жылда бір келетін маңызды жарысты теледидардан тамашалау бір бөлек, комментатор ретінде ақпарат тарату одан да маңызды екені анық.
Осы орайда студияға келген елімізге танымал комментаторлар — Рауан Оқас пен Дидар Қадыров өз тәжірибесіне сүйеніп, Париж Олимпиадасынан не күтетінін айтып берді.

«Олимпиаданы сағына күттік. Токио Олимпиадасымен салыстырғанда жоғары нәтижелерге қол жеткіземіз деген ойдамын. Жапония елінде өткен дүбірлі додада тек 7 қоламен шектелгеніміз белгілі. Бұл жолы қоржынға бір-екі алтын түсуі тиіс. Біреуі бокстан болады-ау деп болжап отырмын. Жалпы, балық спортшының жүлде алуға үміті зор. Олимпиадада бақ керек. Саяси мәселелер, төрешілердің жөнсіз әрекеттері килігіп кетпесе спортшылардың барлығының жүлдеден дәмесі бар. Рыбакинаның жарыстан тыс қалғанына аса өкініш жоқ. Себебі, Париждегі төсеніште оның жүлде алатыны екіталай еді. Балуандарға келсек, Әлішер Ерғали кем дегенде қола медалға қол жеткізеді деген ойдамын. Сондай-ақ, Азамат Дәулетбековтің де аз-маз мүмкіндігі бар. Жалпы, бұл құрама барлық Олимпиадағы ең мықты құрам деуге толық негіз бар», — деді Рауан Оқас.

Бұған дейін Рауан Оқас Сочи және Токио Олимпиадасында комментатор болып спорт сүйер қауымға қызықты ақпарат ұсынғанын атап өткен жөн.
Әріптесі Дидар Қадыров Париж Олимпиадасында спорттық рухпен қатар, озық мәдениеттің, өркениеттің аурасы сезілетінін айтады.

«Париж Олимпиадасы ауқымды спорттық шара ретінде жұрт назарын аударып отыр. Сайыстың барлығы шаһардың сыртқы аумағында ұйымдастырылуының да өзіндік ерекшелігі бар. Жарыстың ашылуы салтанатында, ойындар барысында француз халқының бай мәдени мұрасы паш етіледі», — деді Дидар Қадыров.

Айта кетейік, Jibek Joly телеарнасы елорда әкімдігінің қолдауымен Париж Олимпиадасының ашылу салтанатын орталық саябақта тікелей эфирде көпшіліктің назарына ұсынады.
Салтанатты шара аясында концерт те өтеді.

Естеріңізге салсақ, бұған дейін Jibek Joly телеарнасы Олимпиада ойындарының бірқатарын тікелей эфирде көрсететінін жазған едік.
