Jibek Joly эфиріндегі теледебат: партия өкілдерінің сөз сөйлеу реті белгілі болды
АСТАНА. KAZINFORM — Құрылтай сайлауына қатысатын саяси партиялардың үшінші теледебаты Jibek Joly арнасында өтеді. Ал бүгін телеарнаның тікелей эфирінде өткен жеребе тарту рәсімі барысында партия өкілдерінің пікірсайыста сөз сөйлеу реті анықталды.
Құрылтай сайлауына қатысатын жеті саяси партияның өкілдері рәсімге толық қатысты. Іс-шара ашық форматта ұйымдастырылып, барлық қатысушыға тең мүмкіндік берілді.
Жеребе тарту рәсімі бұл жолы өзгеше өтті. Саяси партиялардың атауы жазылған карточкалар жүргізушілердің алдына қойылды. Әр ашылған карточкадағы партия пікірсайыста сөз сөйлеу ретін өзі таңдаған нөмір бойынша белгіледі. Нәтижелер бірден электронды жүйеге тіркеліп, экранда көрсетіліп отырды.
Осы тәртіппен телевизиялық дебат барысында саяси партиялар өкілдерінің сөз сөйлеу реті белгіленді:
1. «Ақ жол» партиясы — Бек-Мұхамед Жәукебаев, Ермек Әбілдин;
2. Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы — Лариса Ли, Нұрайнаш Камалова;
3. «Әділет» партиясы — Айжан Аймағанова, Мәди Мырзағараев;
4. Қазақстанның Халық партиясы — Жандос Бидайбеков, Ирина Смирнова;
5. «Ауыл» партиясы — Жазира Сұлтанқұлова, Ерболат Саурықов;
6. «Байтақ» партиясы — Амалбек Өміртай, Алмат Тұртаев;
7. Respublica партиясы — Олжас Құспеков, Динара Шүкіжанова;
Естеріңізге сала кетейік, бұл жолғы пікірталастың форматы ерекше. Басты өзгешелігі — жеті партиядан екі өкілден, яғни 14 спикер пікірсайысқа шығады. Теледебат ертең, 12 тамызда сағат 20:00–де басталады. Тақырыбы: Заң мен тәртіп — әділетті Қазақстанның негізі.
Теледебаттың тікелей трансляциясын Jibek Joly телеарнасының эфирінен, сондай-ақ телеарнаның ресми YouTube арнасынан көріңіздер.