Қ.Көшербаев қызылордалық бір топ ұстаздарға 1 миллион теңгеден сыйақы табыс етті

Жаңа мектептің жаңа оқушылары ғимараттың кіреберісінде жоғары қонақты қол шапалақтап қарсы алды. Салтанатты кешке осындай арнайы алдырылған шекара әскерлері үрмелі аспаптар оркестрінің білім саласының қызметкерлеріне арнаған фанфары ерекше әр бере түсті. Мұнда облыс басшысы мұғалімдер күніне орай ат басын бұрды.
«Мұғалімдер күні шын мәнінде бүкілхалықтық мереке болып табылады, - деді Қырымбек Көшербаев осында сөйлеген сөзінде. - сіздер өскелең ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруде өлшеусіз еңбек етіп келе жатырсыздар. Мемлекет басшысы сондықтан да мектептердің қазіргі заман талабына сай болуына, ондағы ұстаздар қауымына тиісті жағдай жасалуына әрдайым көңіл бөліп келеді».
Облыс әкімі өз сөзінде сапалы білім берудің бүгінгі таңда бірінші кезекте тұрған мәселе екеніне ерекше назар аударып өтті. Ал бұл үшін жоғары білікті мамандар керек. Осыған байланысты «Назарбаев зияткерлік мектебінде» педагогтардың біліктілігін арттыру курстары ұйымдастырылып тұрады.
Қ.Көшербаев педагогтарды төл мерекелерімен құттықтап, оларға мықты денсаулық, жұмыста табыс тіледі.
Салтанатты кеште дәстүрге сай білім саласының бір топ үздіктеріне әртүрлі марапаттар берілді. Аймақ басшысы өз қолынан оларға құрмет грамоталары мен алғыс хаттар табыс етті. Сонымен бірге, тағы бір топ мұғалімге 1 миллион теңгеден сыйақы тапсырылды.
Шараның соңы ұстаздарға арналған мерекелік концертке ұласты.