Қ.Қожамжаров ҰҚШҰ ауқымында әскери және әскери-техникалық салалардағы уағдаластықтарды іс жүзіне асырудың маңызын атап көрсетті

ҰҚШҰ Қауіпсіздік кеңесі хатшылары комитетінің отырысында қатысушылар ұйымның мүше-мемлекеттерінің лаңкестікпен және экстремизммен, трансшекаралық ұйымдасқан қылмыспен күрестегі, ҰҚШҰ мүше-мемлекеттері шекарасындағы қауіпсіздік пен ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі өзара іс-қимылы мәселелерін талқылады.
ҚР Президентінің көмекшісі - Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Қ.Қожамжаров қазақстандық тарап ҰҚШҰ ауқымындағы ынтымақтастыққа зор маңыз беретінін атап өтті, сондай-ақ бұдан бұрын қол жеткізілген, соның ішінде әскери және әскери-техникалық салалардағы уағдаластықтарды іс жүзіне асырудың маңызын атап көрсетті. ҰҚШҰ-ның және қауіпсіздік мәселелеріне маманданған басқа да көпжақты аймақтық ұйымдардың әлеуетін барынша пайдалануға аса зор көңіл бөлу қажет.
Бұдан әрі жұмыс ҰҚШҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің, Қорғаныс министрлері кеңесінің және Қауіпсіздік Кеңестері хатшылары комитетінің бірлескен отырысы форматында жалғасты. Осы шара барысында қазіргі нақты қатерлерге орай ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздігі жүйесінің жай-күйі және оны жетілдіру шаралары жөнінде пікір алмасу болды.
Отырыстар қорытындылары бойынша ҰҚШҰ мүше-мемлекеттерінің сыртқы саясат, қауіпсіздік пен қорғаныс мәселелері жөніндегі өкілдерінің 2013 жылдың екінші жартысына - 2014 жылдың бірінші жартысына арналған консультациялар жоспары, ҰҚШҰ ұжымдық бітімгершіл күштерімен бейбтітшілікті ұстап тұру жөніндегі операцияларды даярлау және өткізу бойынша құжаттар, ҰҚШҰ мүше-мемлекеттері бас наркологтарының үйлестіру кеңесі туралы ереже бекітілді.
Президент көмекшісі - Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Қ.Қожамжаров ҰҚШҰ Бас хатшысы Н.Бордюжамен, Беларусь Қауіпсіздік Кеңесінің мемлекеттік хатшысы Л.Мальцевпен және Армения Ұлттық Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы А.Багдасарянмен кездесулер өткізді, оның барысында ұйымның әлеуетін арттыру, сондай-ақ ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.