Қ. Мәми мен Үндістан Бас прокурорының кездесуінде елордада AIFC Халықаралық арбитраждық орталығын құру мәселесі қозғалды

Жоғарғы Сот Төрағасы аталған кездесу екі елдің құқық саласында табысты байланыстарды орнатуда маңызды екенін атап өтіп, Қазақстан мен Үндістан арасындағы қарым-қатынастардың өзара түсіністік пен сенімнің дәстүрлі ахуалында дамып келе жатқанына ерекше тоқталды.
Қ. Мәми шетелдік қонақты Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «100 нақты қадам - баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» атты Ұлт жоспары шеңберінде сот жүйесін реформалау жайынан хабардар етті. Үш сатылы сот жүйесіне көшу, Жоғарғы Сот жанынан инвестициялық істер бойынша мамандандырылған алқа және Халықаралық консультативтік кеңес құру мәселелеріне айрықша көңіл бөлінді. Астана қаласында AIFC Халықаралық арбитраждық орталығын құру, тергеу судьясының өкілеттігін және алқабилер соты қолданатын салалардың аясын кеңейту тәсілдері кеңінен сөз болды. Әңгімелесу барысында Қ. Мәми Қазақстан сот жүйесі қызметінің ерекшелігіне жан-жақты тоқталды, сондай-ақ соттар жұмысына жаңа ақпараттық технологияларды енгізуде қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді.
Кездесу аясында сот істері бойынша құқықтық көмектер көрсету мәселелеріндегі ынтымақтастық жөнінде байыпты пікір алмасылды.
Іс-шара қорытындысында тараптар екі ел соттарының қызметі мәселелері бойынша ынтымақтастық аясы одан әрі кеңейе түсетініне өзара сенім білдірді.