К. Мәсімов Сингапурдың тұңғыш Премьер-Министрі Ли Куан Юды жерлеу рәсіміне қатысты

Кәрім Мәсімов Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен Қазақстан халқы атынан Сингапур Республикасының Премьер-Министрі Ли Сянь Лунге - осы елдің Ли Куан Юдың ұлына көңіл айтты, деп жазады primeminister.kz.
Еске сала кетейік, Елбасы осыған дейін Сингапур Премьер-Министрінің атына көңіл айту жеделхатын жолдаған болатын, онда Нұрсұлтан Назарбаев Сингапурдың әлемдік беделін нығайтып, оның Азиядағы жетекші ел ретінде қалыптасуы үшін Ли Куан Юдың орасан күш-жігер жұмсағанын және сол арқылы артына өшпес мұра қалдырғанын атап өткен.
Ел үкіметін 1959 жылдан 1990 жылға дейін басқарған Ли Куан Юды Сингапурдың негізін қалаушы-әкесі деп санайды.
Екі мемлекеттің арасында берік достық қатынастарды нығайтуға қосқан зор үлесі үшін ҚР Президенті Ли Куан Юды «Достық» орденімен және «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» медалімен марапаттаған болатын.
Жерлеу рәсіміне Малайзия Королі Абдул Халим, Индонезия Президенті Джоко Видодо, Жапония Премьер-Министрі Синдзо Абэ, Үндістан Премьер-Министрі Нарендра Моди, Оңтүстік Корея Президенті Пак Кын Хе, Австралия Премьер-Министрі Тони Эбботт, Катар Әмірі Тамим бин Хамад Әл Тани, АҚШ-тың экс-Президенті Билл Клинтон, ҚХР Төраға орынбасары Ли Юаньчао, Ресей Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Игорь Шувалов және басқалары қатысты.