Қ. Саудабаев Брюссельде халықаралық қауіпсіздік мәселелері талқылауына қатысады
АСТАНА. Сәуірдің 26-сы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Сәуірдің 28-інде Еуропалық Одақпен аймақаралық саяси диалог аясында Брюссельде «Еуропалық Одақ-Орталық Азия» форматында сыртқы істер министрлерінің кездесуі өтеді.
Бұл туралы бүгін Астанада өткен брифингте Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Әбдірахманов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ресми өкілдің сөзіне қарағанда, бұл жиынға ЕҚЫҰ-ның іс басындағы төрағасы, ҚР Мемлекеттік хатшысы-Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев қатысады.
«Кездесу барысында аймақтық және халықаралық қауіпсіздік мәселелерін, жаһандық қаржы дағдарысының салдарын еңсерудегі тараптардың өзара әрекеттесу мәселелерін, сондай-ақ аймақтық энергетикалық және экологиялық даму, оның ішінде су ресурстарын тиімді басқару шараларын талқылау жоспарлануда»,-деді С. Әбдірахманов.