Қ. Саудабаев Қазақстан бастамаларын қолдаудағы ұстанымы үшін Пан Ги Мунға алғысын білдірді
Бұл туралы бүгін Астанада ҚР Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі БҰҰ Бас хатшысымен кездесу кезінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қ. Саудабаев БҰҰ Бас хатшысының Қазақстанға сапары Семейдегі бұрынғы ядролық сынақ полигонынан басталуы өте маңызды екенін айта келе, яғни бұл жерде 1949 жылы ядролық қаруланудың жарысы басталғанын, ал 1991 жылы Елбасының Жарлығымен осы полигон әлемдегі ядролық қарусыздану бастамасының негізі болғанын ескеріп өтті.
Осы тұрғыда ядролық қаруды таратпау және қатерді азайтуға қатысты Елбасы Н. Назарбаевтың ұстанымына Пан Ги Мунның бұл бағыттағы қадамдары сәйкес келетініне тоқталған ҚР Мемлекеттік хатшысы, «ҚР Президентінің маңызды бастамаларын қолдаудағы ұстанымыңызға үлкен алғысымызды білдіреміз», деді.
Айта кетейік, бүгін Ақордада БҰҰ Бас хатшысын Елбасы қабылдайтын болады.