Қ. Саудабаев Норвегияның Энергетика және мұнай министрінің орынбасары М. Стубхолтты қабылдады

АСТАНА. Ақпанның 26-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Бүгін Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаев Норвегияның Энергетика және мұнай министрінің орынбасары Моника Стубхолт ханымды және осы елдің «СтатойлГидро» мұнай-газ компаниясының президенті Хельге Лунданы қабылдады.
None
None
Кездесуде тараптар екі жақты қарым-қатынастың көкейкесті тұстарын, оның ішінде энергетика саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2001 жылы Норвегияға жасаған сапарынан кейін тың серпін алған біздің елдер арасындағы өзара пайдалы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық біздің қарым-қатынастарымыздың негізі болып табылады. Бұл ретте мұнай-газ саласындағы серіктестік экономикалық ынтымақтастықтың тұтастай кешенінің қозғаушы күші», деді кездесуде Қ. Саудабаев. Мемлекеттік хатшы осы орайда Қазақстан «ҚазМұнайГаз» компаниясы мен Норвегияның «СтатойлГидро» мұнай-газ компаниясы арасындағы тығыз байланыстардың дамуын құп көретінін атап көрсетті. «Бұл компаниялардың Каспий теңізінің қазақстандық қайраңында ғана емес, сонымен бірге басқа да елдерде бірлесіп жұмыс істеуін көздейтін жаңа стратегиясы айрықша назар мен қолдауға лайық», деді өз сөзінде Қ. Саудабаев. Оның сөзіне қарағанда, мұнай-газ саласынан бөлек Қазақстан іс жүзінде экономиканың барлық салаларында норвегиялық инвестициялар үшін ашық. Қ. Саудабаев Норвегияның тәжірибесіне сүйеніп Елбасының шешімімен Қазақстанда құрылған Ұлттық қор қазіргі дағдарыс кезінде елімізге шапағатын төгіп жатқанын атап көрсетті. Сонымен қатар, Мемлекеттік хатшы ядролық қаруды таратпау саласында Қазақстан мен Норвегия белсенді жұмыс істеп жатқанын айтып, бұл тұрғыдағы Қазақстанның қадамы талай елдерге үлгі болатынына екпін салды.
Соңғы жаңалықтар