Қ. Саудабаев Римде өтетін ««Ядролық қауіпті жеңу» атты халықаралық конференцияға қатысады
АСТАНА. Сәуірдің 13-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Сәуірдің 16-17-сінде ҚР Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаев Римде өтетін ««Ядролық қауіпті жеңу» атты халықаралық конференцияға қатысады.
Бұл туралы бүгін Астанадағы брифингте ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Ілияс Омаров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, конференцияны «үлкен сегіздіктің» қазіргі төрағасы ретінде Италияның Сыртқы істер министрлігі, «Ядролық қауіпсіздік жобасы» атты американдық үкіметтік емес ұйым және КСРО-ның бұрынғы президенті Михаил Горбачев басқаратын Дүниежүзілік саяси ұйым ұйымдастыруда. Ядролық қарудан азат әлем туралы жалпы түсінікті және ядролық қауіпсіздікті азайту қадамдары жөніндегі пікірлесу алаңын қалыптастыру конференцияның негізгі мақсаты болып табылады. «Өз ықтиярымен көлемі жағынан дүние жүзінде төртінші ядролық арсеналдан бас тартып, Семейдегі сынақ полигонын жапқан Қазақстан жаппай қырып-жоятын қаруды таратпауда ғаламдық үдерістер көшбасшыларының бірі болып табылады. Бұл көшбасшылық жақында Президент Н. Назарбаевтың Қазақстанның МАГАТЭ-нің қамқорлығы аясында халықаралық ядролық отын банкін өз аумағында орналастыру мүмкіншілігін қарастыруға дайындығы туралы мәлімдемесімен беки түсті», - деді І. Омаров.