Қ.Тоқаев: «ЭКСПО-2017» жасыл технологияларды одан ары дамытуға мүмкіндік береді

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ЭКСПО-2017» жасыл технологияларды одан ары дамытуға мүмкіндік береді. Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан «Қазақстан-2050» Стратегиясының іске асырылуы және Қазақстан Республикасының халықаралық қоғамдастықтағы рөлі» тақырыбына арналған дөңгелек үстел барысында ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Қ.Тоқаев: «ЭКСПО-2017» жасыл технологияларды одан ары дамытуға мүмкіндік береді

«Қазақстан жасыл технологияларды дамытуға ерекше назар аударуды жоспарлап отыр. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы әлемдік үрдістерді ескере отырып, Қазақстан 2050 жылға қарай энергияның 30 пайызын балама энергия көздерінен алуға ниетті. «Болашақ энергиясы» тақырыбында өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі бұл мақсаттарға қол жеткізудегі құралдарды айқындауға мүмкіндік беретіндігіне үміт артамыз», - деді ол.

Сонымен қатар Сенат спикері Қазақстанның әлемдік астық және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдері нарығында жетекші орынға ие екендігін баса айтты.

«Ендігі уақытта бізге осынау стратегиялық активті еселей түсу міндеті тұр. «Агробизнес» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға тек екі жылдың ішінде ғана 453 млрд. теңге бөлінетін болады», - деді Қ.Тоқаев.