Қ.Тоқаев пен Ц. Цинлинь Қазақстан мен Қытайдың өзара тиімді ынтымақтастығы мәселелерін талқылады
АСТАНА. 10 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға ресми сапармен келген Қытай Халықтық саяси консультативтік кеңесі Бүкілқытайлық комитетінің Төрағасы Цзя Цинлиньмен кездесті.
Кездесу барысында екі мемлекеттің өзара тиімді ынтымақтастығы мен өзара саяси сенімді одан әрі нығайту мәселелері, сондай-ақ халықаралық және аймақтық саясаттың өзекті тақырыптары туралы пікір алмасылды.
Жоғары мәртебелі мейманмен кездесуде төраға Қазақстан мен Қытайдың екіжақты қатынастарын дамытуда осы сапардың маңызын атап өтті.
«Қазақстан Қытаймен стратегиялық әріптестікті нығайтуды ілгерілету саясатын ұстанады»,- деді Қ.Тоқаев және ол тату көршілестік қатынастардың даму қарқыны мен жоғары деңгейдегі байланыстардың жүйелілігін атап өтті.
Төраға Қазақстан мен Қытайдың парламентаралық байланыстарының жүйелі сипатын атап өтіп, қытай парламентшілерімен өзара іс-қимылды одан әрі белсенділендіру жайында айтты.
Қ.Тоқаев Халық өкілдерінің Бүкілқытай Жиналысы Тұрақты Комитетінің Төрағасы У Бангоға ізгі тілектестігін жолдады және оны Қазақстанға ресми сапармен келуге шақыруын нақтылады.
Төраға ХСКБК төрағасын Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатының басым бағыттары туралы хабардар етті және экономика және қаржы саласында жүзеге асқан реформалар туралы айтты.
Әлемдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту саласындағы біздің еліміздің халықаралық бастамаларына қатысты Сенат Төрағасы ШЫҰ-ға төрағалық ету барысында Қазақстанға жәрдемі мен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің ІІІ Съезіне Қытай делегациясының белсенді қатысқаны үшін қытай жағына ризашылық білдірді.
Төраға ұлтаралық және конфессияаралық келісімді дамыту және нығайту саласындағы Қазақстанның табысты тәжірибесі халықаралық деңгейге шығарылатыны және басқа мемлекеттердің қолдану мүмкіндігі туралы айтты.
Дінаралық үнқатысу мен толеранттықты қолдау жөніндегі Қазақстанның оң тәжірибесі біздің еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалық етудегі басымдықтардың бірі болғанын атап өте келіп, төраға «биылғы 1-2 желтоқсанда Астанада ЕҚЫҰ Саммитінің өткізілуі Қазақстан халқы мен оның басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың күллі әлемдегі тұрақтылықты нығайтуға қосқан үлесі болып табылады», деді.
Өз кезегінде Цзя Цинлинь: «Қытай мен Қазақстан тату көршілер, жақсы дос және сенімді әріптес болып отыр», деді.
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен қол жеткен Қазақстанның табыстарын жоғары бағалай келіп, ХСКБК төрағасы «Қытай Қазақстанмен стратегиялық әріптестікті нығайтуға ерекше маңыз береді», деді және ол «бірлескен күш-жігердің арқасында барлық салалардағы қатынастар тереңдеп келе жатқанын және жаңа биіктерге көтеріле алатынын» айтты.
Жоғары мәртебелі мейман парламентаралық үнқатысуды тереңдетуге қытай жағының мүдделілігін айта келіп, халықтар арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайтуда заң шығару органдарының өзара іс-қимылының маңызды екенін атап өтті.