Қ.Жақыпов: Парламентшілер Қазақстан-Нидерланды ынтымақтастығын нығайтуға күш салады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәжіліс төрағасы Қабиболла Жақыпов Нидерланды Корольдігіне сапары аясында ынтымақтастық, ғаламдық қауіпсіздік пен тұрақтылық тақырыбында бірқатар екі жақты кездесулер өткізді, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметінен.

Қ.Жақыпов: Парламентшілер Қазақстан-Нидерланды ынтымақтастығын нығайтуға күш салады

Әнгіме барысында Нидерланды Сенатының Төрағасы Анки Брокерс Кнол мен Мәжіліс Спикері екі ел арасындағы аталған салалардағы байланысқа баға берді. Анки Брокерс Кнол Қазақстан мен Нидерланды арасындағы жоғары деңгейдегі байланысқа ризашылық білдіріп, екіжақты және жан-жақты форматта үн қатысуға өзінің әзір екендігін білдірді. - Ынтымақтастық пен бірлік - біздің елдер арасындағы соңғы жиырма жылдағы басты ұстаным, -деді Анки Брокерс Кнол. Нидерланды Парламент Сенатының спикері өзара байланыстың болашақ бағыты демократия,экономика және аймақтық саясат екенін айта кетті. Сондай-ақ, кездесуде ғаламдық қауіпсіздікке айрықша көңіл бөлінді. Бұл орайда Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов Қазақстан Президентінің саяси бағыты әлеуметтік дамуға, ғаламдық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдауға, елдер арасында достық қатынасты өркендетуге құрылғанын атап өтті. Осыдан кейін, Қ.Жақыпов Қазақстанның 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшелікке өту туралы кандидатурасына Нидерланды Корольдігі қолдау танытатынына сенім білдірді. Айта кету керек, Мәжіліс Төрағасының сапары аясында Экономикалық ынтымақтастықты нығайту тақырыбы Нидерландының Экономикалық қатынастар министрі Хенк Камппен жүздесу барысында талқыланды. Тараптар екі ел арасындағы серіктестік қатынастар деңгейін жоғары бағалады. Бүгінде Нидерланды Қазақстандағы инвесторлар арасында алғашқы орынға шығып, 2014 жылғы екі жақты тауар айналымы 9 млрд АҚШ долларына жетті. Қабиболла Жақыповтың айтуынша, сауда-экономикалық және инвестиция, технологиялық өзара байланысты Қазақстан-Голландия іскерлік кеңесі ынталандыратын болады. Тараптар ынтымақтастық мұнай, энергетика саласын, көлік пен коммуникация саласындағы бағыттар бойынша дамитынын атап өтті. Қ.Жақыпов бүгін де Қазақстандық парламентшілер Қазақстан Президентінің бастамасымен жасалған бес институттық реформаның тиімді орындалуы үшін заңнамалық база әзірленіп жатқанын хабарлады. Хенк Камп Қазақстан-Нидерланды экономикалық қатынасын нығайту жолында бар күш-жігерін салатынын айтты. Сол күні Мәжіліс Спикері Нидерландының кәсіпкерлер-қоғамы өкілдерімен де кездесті. Нидерланды Корольдігі Парламенті Сенатының депутаты, «Қазақстанның Нидерландыдағы достары» саяси клубының тең төрағасы Рене ван дер Линденмен Қазақстан-Нидерланды екіжақты байланыстары мәселесін белсенді ету тақырыбын талдады.