Қ. Жақыпов Вьетнам елшісіне қос мемлекеттің қарым-қатынасын дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс білдірді

Бұл туралы Парламент Мәжілісінің баспасөз қызметінн хабарлады.
Кездесуде Қазақстан мен Вьетнам арасындағы өзара ынтымақтастық мәселелеріне, әсіресе, екі елдің сауда-экономикалық байланыстарын нығайтуға баса көңіл бөлінді.
Осы ретте тараптардың атап өткеніндей, Вьетнам Премьер-министрінің Қазақстанға сапары барысында қол қойылған Еуразиялық экономикалық одақ елдері мен Вьетнам Социалистік Республикасы арасында еркін сауда аймағы туралы келісім екіжақты экономикалық ықпалдастықты одан әрі тереңдетуге серпін бермек.
Қ. Жақыпов әлемдік экономикалық дағдарыс жағдайына айрықша назар аударып, оны еңсеру жолында қолға алынып жатқан шаралардың барлығы экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталғанын айтты.
Өз кезегінде елші экономикалық, саяси, парламентаралық, достық байланыстарды дамытудың маңыздылығына тоқталып, алдағы уақытта Вьетнам Социалистік Республикасы Қазақстан азаматтары үшін визасыз режім енгізуді жоспарлап отырғанын атап өтті.
Қ. Жақыпов ағымдағы жылы тамыз айының соңында Қазақстандағы миссиясының аяқталатындығына орай, елшіге соңғы үш жыл ішінде қос мемлекеттің қарым-қатынасын жан-жақты дамытуға қосқан жеке үлесі үшін алғысын жеткізді.