Кабинетін шетелдік жұмысшыларға жөндетті деп айыпталған полиция қызметкері кінәсін мойындамады

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — №4 Ақтөбе қалалық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Александр Бакшановқа қатысты істің жарыссөзі басталды. Прокурор лауазымын асыра пайдаланған қызметкерді айыпты деп танып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыруды сұрады. Ал сотталушы өзіне тағылған айыппен келіспеді.

Кабинетін шетелдік жұмысшыларға жөндетті деп айыпталған полиция қызметкері кінәсін мойындамады
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

№ 2 Ақтөбе қалалық сотында полиция қызметкері Александр Бакшановқа қатысты істің жарыссөзі оқылды. Оған Қылмыстық кодекстің «Билікті немесе лауазымдық өкілеттіліктерді асыра пайдалану» бабы бойынша айып тағылды. Оқиға былтыр көктемде болған. Мемлекеттік айыптаушының сөзіне сүйенсек, қала тұрғыны құрылыста шетелдіктердің, оның ішінде Өзбекстан азаматтарының жұмыс істеп жүргенін көреді. Кейін ол бұл туралы полицияға хабар береді. 102 нөміріне түскен хабарламаға № 25 учаскелік пунктінің инспекторлары барып, шын мәнінде 8 адамның жұмыс істеп жүргенін көреді. Сол сәтте төлқұжаттарын сұрағанымен, ешкімде де жеке басын растайтын мәлімет болмайды.

— Бакшанов өз қызметтік өкілеттігігін асыра пайдаланып, 8 шетелдікке қатысты істі қысқартуды мақсат етеді. Олардың бір бөлігін әкімшілік жауапкершіліктен босатып, тек үшеуіне хаттама толтырады. Әкімшілік іс бойынша ұсталған адам полиция бөлімінде көп дегенде үш сағат болуы керек. Бакшанов өз өкілеттілігін асыра пайдаланып, олардың ас-сусыз 5 сағат ұстаған. Сонымен бірге құрылысқа жауапты жеке кәсіпкерге емес, шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартқаны үшін деп өзге адамға 195 мың теңге айыппұл салады. Бакшанов сот шешімімен Қазақстаннан шығарылуы тиіс адамдарды өз кабинетіне кіргізеді. Кабинеттегі жөндеу жұмыстары видеоға түсіп қалады. Оны жасыру үшін Бакшанов камера обьективін қағазбен жапқан, — деді жарыссөзде прокурор.

Мемлекеттік айыптаушы куәгерлердің де жауабын оқыды. Онда шетелдік жұмысшы басшының кабинетін жөндегенін айтқан. Бұл қызметіне ақы алмаған. Ал сотталушы Александр Бакшанов болса, өзіне тағылған айыпты мойындамады. Тіпті қызметте жүрген кезде ізінен түскенін сезіп, жұмыстан шыққанын, бір күннен соң оған айып тағылғанын жеткізді.

— Неге тек маған айып тағылып отыр? Қылмыс жасалғаны рас болса іске қатысы бар қызметкерлердің бәрі жауапқа тартылуы тиіс. Учаскелік инспекторлар менің бұйрығымның заңсыз екенін біле тұра орындаса демек олардың да заң бұзғаны. Олар да жауап беруі керек. Ал жұмыс кабинетін жөндетуге келер болсақ, құралдардың бәрін, құрылыс материалдарын мен өз ақшама алдым. Өз қаржымды жұмсап, жөндеу жүргізгенім қылмыс болса, неге басшыларым жауапқа тартылмады. Маған кабинетті жөндеуді міндеттеген бөлім басшы да болуы мүмкін ғой. Оны неге тексермеді? Бейнебақылау камерасын жапқан деп айтты. Камера бүлінбесін деп бүркеп қойдым, — деді сотталушы Александр Бакшанов жарыссөзде.

Кабинетін шетелдік жұмысшыларға жөндетті деп айыпталған полиция қызметкері кінәсін мойындамады
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

 

Прокурор Александр Бакшановты Қылмыстық кодекстің 362-бабы 4-бөлігі 3-тармағы бойынша айыпты деп танып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан, майор шенінен айыруды сұрады.

Еске салсақ, Хромтау аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім басшысы кәсіпкердің 30-дан астам әкімшілік хаттамасын жасырып, тек үшеуін толтырған. Сөйтіп айыппұл көлемін қысқартып, өзі пара алды.