Кабинетте отыратын жұмысты күтпей, қимылдау керек – қоқыс тасымалдайтын көлік жүргізушісі

АҚТАУ. KAZINFORM – Бекзат Ұзақбаев – Ақтау қаласының тазалығына жауапты қызметкер. 25 жастағы азамат Ақтауда кәсіптік білім беру колледжін теміржолшы мамандығы бойынша тәмамдаған. Бірақ 6 жылдан бері қоқыс тасымалдайтын көлік жүргізуші болып еңбек етеді. 

25 жастағы қоқыс тазалаушы кабинетте отыратын жұмысты күткенше, қимылдау керек
Фото: Бекзат Ұзақбаевтың жеке мұрағатынан

– Жұмыстың жаманы жоқ деп ойлаймын. Қазір мен еңбекпен адал табыс тауып жүрмін. Кабинетте отыратын жұмысты күтпей, қимылдау керек. Жұмыссыз жату – жалқаулық, - дейді ол. 

Бекзат жұмысын таңертең қала халқы шырт ұйқыда жатқанда бастайды. Өздеріне бекітілген аумақтың қоқысын жинап, полигонға тасымалдайды. Кейде көлігі бұзылып, жөндеуге тура келеді. Қарбалас жұмыстан үйіне кешке бір барады. 

Кабинетте отыратын жұмысты күтпей, қимылдау керек – қоқыс тасымалдайтын көлік жүргізушісі
Фото: Бекзат Ұзақбаевтың жеке мұрағатынан

– Біз жұмысқа кіріскен кезде қала ұйқыда жатады ғой. Халыққа қызмет етіп жүрміз. Кейде тұрғындардан алғыс та аламыз. Жалпы күнде таңертең міндетті түрде медициналық тексеруден өтеміз. Тазалыққа қатты мән беремін. Отбасым, 4 балам бар. Жұмыстан барғанда балаларым алдымнан жүгіріп шыққанда, шаршағанымды лезде ұмытамын, - дейді Бекзат Ұзақбаев. 

Бекзат ұжымда ең жас жұмысшы. Әріптестері оны қамқорлап, әрдайым көмек қолын созады екен. 

– Бәріміз татумыз. Бір-бірімізге көмектесеміз. Бір көлік бұзылса, оны бәріміз жабылып жөндейміз. Сосын ғана жұмысқа кірісеміз, - дейді ол. 

25 жастағы қоқыс тазалаушы
Фото: Бекзат Ұзақбаевтың жеке мұрағатынан

Қала тазалығына жауапты қызметкер тұрғындардың тазалық сақтау мәдениетіне тоқталды. Айтуынша, өз үйінің тазалығына бей-жай қарайтындар көп. 

– Бір өкініштісі, қоқыс жәшігіне салмай, 5-10 метрден қоқысты лақтыра салады. Сол кезде жақындап салса болар еді ғой деп іштей қынжыламын. Қоқыс жинағаннан емес, кейде осындай түсінбейтін, қаласына, ортасына құрметпен қарамайтын адамдардан шаршайсың. Кейде өздерің сияқты адамдар жинайды, қоқысты шашпаңдар деп айтамыз. Тазалық қаланың көркі, зәулім үйлердің айналасы таза болғаны жақсы, соны тұрғындар өздері ластайды, - дейді Бекзат Ұзақбаев.

25 жастағы қоқыс тазалаушы
Фото: Бекзат Ұзақбаевтың жеке мұрағатынан
Кабинетте отыратын жұмысты күтпей, қимылдау керек – қоқыс тасымалдайтын көлік жүргізушісі
Фото: Бекзат Ұзақбаевтың жеке мұрағатынан

Бұған дейін, Маңғыстауда түйенің жіліктерінен кәдесый жасайтын шебер туралы жазған болатынбыз

Соңғы жаңалықтар