Қабылданатын заңдарды халыққа түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет - Нұрсұлтан Назарбаев

«Соңғы уақытта заң шығармашылық процесс барынша ашық бола түсті. Парламенттік тыңдаулар өткізіледі, заң жобаларын қарауға сарапшылар, азаматтық қоғам өкілдері мен бұқаралық ақпарат құралдары тартылады. Дегенмен, азаматтар барлық уақытта да ақпаратқа қанып отырған жоқ. Заңнан туындайтын өздерінің құқықтары мен міндеттерін білмейді», деді Елбасы.
Қазақстан Президенті қабылданатын заңдар алдымен қоғаммен, халықпен бірге талқыланып, түсіндірілмейтіндігін баса айтты.
«Сондықтан депутаттар да, Үкімет мүшелері мен облыс әкімдері де түсіндіру жұмыстарына айрықша назар аударуы тиіс. Қазақстандықтардың барлық заңнамалық жаңашылдықтардан және біздің шешімдерімізден хабардар болуға толық құқығы бар», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Осы орайда Қазақстан Президенті кеңес заманында КСРО Жоғарғы кеңесінің қаулыларын қарапайым адамдарға жеткізу үшін тіпті трамвайларға да іліп қоятындығын еске салды.
«Қабылданатын шешімдер туралы ақпараттарды барлық азаматтарға жеткізу қажет. Заң бәсекеге қабілетті, прагматикалық, ең жоғарғы халықаралық стандарттарға сай болуы тиіс», - деді Мемлекет басшысы.