Кәдеге асқан қалдық

Кең байтақ қазақ жерінің мұнайы мен газы, шүйгін шөбі мен асыл тұқымды малының экспорттан орын алып, бірқатар экономикасы мен өркениеті дамыған елдерден де оқ бойы озық тұрғандығымен мақтана аламыз. Солардың ішінде Қазақстанның сырттан және елден сыртқа қатынайтын қатынас жолдарын кеңейту де қазіргі кезде экономикамыздың ілгерілеуіне зор ықпалы бар екендігі де мәлім. Тарихта өзіндік атауымен ойып орын алатын Ұлы Жібек жолының Сыр бойы жолдарынан бастау алатындығын ескерсек, соңғы жылдардағы автокөлік тасымалдарында артып отырған жүк айналымы және Қызылорда облысындағы автокөліктер қозғалысының айтарлықтай артуы автокөлік жолдарын кеңейтуді талап етіп отыр. Автокөліктердің жыл сайынғы ағымының артуы автокөлік жолдарының жабынына, жалпы бүкіл жолға күш түсіріп отырғандығы да жасырын емес. Осыған орай жол жабынының төменгі қабаттарына қарағанда беткі асфальттыбетон қабаттарының жағдайы қолайсыз екендігін ескерсек, асфальттыбетон жабындарының ерекшелігі жүктеме әсерінің уақытқа, оның көлемі мен температурасына және төзімділігіне тәуелді болатындығы да жасырын емес.
Сырдария сағасында орналасып, өзінің мол шикізатымен Қазақстан экономикасына айтарлықтай үлес қосып келе жатқан Қызылорда облысының континентальды климатына жазғы кезеңдегі ыстық және қысқы мерзімде суық температура тән. Сондықтан климат жағдайы біздің көтеріп отырған мәселеміздің негізі болып отырған көлік жүктемесімен қосылып асфальттыбетон жабындарының төзімділігіне зор әсер етеді. Жабынды бастапқы пайдалану кезеңінің өзінде-ақ жарықшақтардың пайда болып, пластикалық бұзылуларды бақылауға болады. Жабындардың мерзімінен бұрын бүлінуінің басты себебіне, қолданылатын битумдардың ұзаққа шыдамдылығы мен пайдалану қасиеттері жатады. Мұнайды қайта өңдеу зауыттары шығаратын жол битумдары өздерінің қасиеттері бойынша жабын жұмыс істейтін климат жағдайларына сәйкес емес. Соның салдарынан энергияны қажет етпейтін әдістер мен технологияларды пайдалана отырып, асфальттыбетон жабындарының аязға, ығысуға, жарықшаққа төзімділігін және беріктігін арттыруға бағытталған тұтқырлы заттар жасау қажеттілігі туындайды.
Қызылорда жерінің мұнайлы өлке екендігі белгілі. Сондықтан да аталмыш өнімнің өзін үнемдеу, оның өзін ғана емес, қалдықтарынан да жарамды заттарды жасау - күнтәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі. Осыны ескерсек, өндіріс процесінде де мұнай өндіру саласы жол жабынының асфальттыбетонды араласпасының негізгі құрамына өзінің химиялық құрамы бойынша жақын және байланыстырғыш болып табылатын асфальтты-шайырлы парафинді шөгінді негізіндегі қатты қалдықтардың жинақталып, пайда болуына ықпал етеді. Жыл сайынғы мұндай қауіпті мұнай қалдықтарының көптеп жиналып, пайдаға асырылып жойылмауы жер ресурстарының ұзақ мерзімге жарамсыздығына әкеп соқтырады. Бұның салдарынан табиғат экологиясының бұзылып қана қоймай, қоршаған флора мен фауна, адам ағзасына да кері әсерін тигізетіндігі белгілі.
Сыр жеріндегі 80 жылдық тарихы бар іргелі білім ордасы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры Қ.А. Бисеновтың жетекшілігімен бірнеше жылдардан бері тынымсыз ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізіп жүрген бір топ ғалымдар Қызылорда облысы аймағындағы мұнай кеніштерінде игерілмей жатқан қатты мұнай қалдықтарын екінші ретті өңдеу нәтижесінде құрылыс материалдары өндірісіне жаңалықтар енгізді. Яғни, мұнай кеніштеріндегі қоршаған ортаға зиянын тигізіп жатқан органикалық қатты мұнай қалдықтарын жол құрылысы саласында бастапқы шикізат орнына пайдалануға жарамды екінші ретті материалдық ресурстарға жататындығын ғылыми түрде дәлелдеп шықты. Зерттеу нәтижелері негізінде асфальттыбетонның құрамындағы қымбат қоспа стандартты битумды органикалық қатты мұнай қалдығымен алмастырудың қорүнемдеуші технологиясын жасап, өндіріске ұсынды.
Профессор Қ.А. Бисенов және университет ғалымдары Л.Б. Аруова, С.Ж. Ибадуллаева, Н.Т. Даужанов, Г.Е. Дямуршаева, Р.А. Нарманова, С.С. Үдербаевтардың «Құрылыс және мұнай салаларында қуат және ресурсүнемдеуші технологияларды әзірлеу және енгізу» тақырыбындағы ғылыми жұмыстарының негізгі идеясы құрылыс материалдарын өндіру саласындағы қатты мұнай қалдықтарын іске асыру арқылы ұзаққа шыдамды асфальттыбетон өндірісінің шикізат қорын ұлғайтып, кен орындарындағы мұнай қалдықтарының көлемін азайту екендігін де айтып өткім келеді.
Ғалымдардың ұсынып отырған жұмысының негізінде зерттеу нысаны Қызылорда облысындағы Құмкөл кен орнының қалдықтары болса, зерттеу аясы етіп асфальттыбетон дайындау үдерісінде қоспа құрамына негізгі байланыстырғыш ретінде қосылатын асфальтты-шайырлы парафинді мұнай қалдықтары алынды. Жұмысқа байланысты ғалымдар алдына бірнеше міндеттер қойды. Оның бірнешеуі - кен орны мәліметтері негізінде қатты мұнай қалдықтарының түзілу себептерін айқындау, шикізат материалдарының физика-химиялық қасиеттерін зерттеу, асфальт-шайырлы парафин байланыстырғышы негізінде асфальттыбетонның оңтайлы құрамын анықтау. Міне, бірнеше тәжірибе жасау арқылы зерттеуші топ жол құрылысы өндірісінде органикалық байланыстырғыш құрылыс материалы ретінде асфальтты-шайырлы парафинді шөгінділерді қолданудың тәжірибелік-сынамалық жұмыстарын жүргізіп, асфальтты-шайырлы парафинді шөгінділерді асфальттыбетон араласпасына пайдаланудың экономикалық тиімділігін есептеп шығарды.
Зерттеу жұмысының алғашқы сатысында мұнай қалдықтарын жол құрылысы саласында пайдалануды зерттеуге арналған әдебиеттерге, патенттерге талдау жасалып, өндірісте түзілген техногендік қалдықтарға арнайы зертханада физика-химиялық зерттеулер жасалып, экологиялық-экономикалық талдаулар мен аналитикалық, зертханалық және асфальтты бетон араласпасына арналған тәжірибелік-өнеркәсіптік сынақтар жұмыстары ыждаһаттылықпен жүргізілді.
Сыр жері - Алаштың анасы. Ол өзінің өнімін бүкіл елге сыйлап, соның арқасында аяулы атын әлемге мәшһүр етіп отыр. Қарап отырсақ, күріші мен мұнай-газы арқылы экономикамызға оң әсерін тигізіп отырған Қызылорда өлкесінің сол аталмыш өнімдерінің қалдықтарының өзі де өндіріске жарамдылығымен таң қалдыруда. Киелі Сыр жеріндегі Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ғалымдары ұсынған ғылыми жұмыстың техникалық-экономикалық бағасы қымбат тұратын битумды АШПШ түріндегі мұнай қалдығымен алмастыру есебінен қол жеткізілген экономикалық тиімділік 1 км жол жабыны үшін 1,3 млн теңгені құрады. Ғалымдардың өз тәжірибелері мен оқу-зерттеулер нәтижесінде экономикаға оң әсер ететін ғылыми қағидалар деп төмендегідей ұсыныстарды айтуға әбден болады. Мысалы, асфальттыбетон араласпасын даярлау процесін арзандатуға, жеңілдетуге және қоршаған ортаға экологиялық әсерін азайтуға ықпал ететін техногендік шөгінділерді пайдалану жолымен тауарлы битумның орнын алмастыру арқылы асфальттыбетон араласпасын алу. Ал ең бастысы, жүргізілген жұмыстардың ғылыми жаңалығы - кен орындарында игерусіз жатқан асфальтты-шайырлы парафинді мұнай қалдығын құрылыс материалы ретінде қайта кәдеге асырып, асфальттыбетонның құрамында битумның орнына пайдалану мүмкіндігін ғылыми зерттеу арқылы дәлелдеу.
Қызылорда облысының мұнай өндіретін аймақтарына жүргізілген ғалымдардың кешенді зерттеулері негізінде мұнай қалдықтарын қайтарма шикізат қоры ретінде пайдаланып, жол құрылысы саласында асфальттыбетон араласпасының құрамына пайдаланудың мүмкіндігі көрсетілді. Құмкөл кен орнының жоғары парафинді мұнайынан алынатын асфальтты шайырлы парафинді шөгіндіні асфальттыбетон араласпасы құрамында жол битумының орнына қолданудың зерттелген технологиясы бойынша бұрын-соңды бұған ұқсас технология болмағандығы да ғылыми жұмыстың маңыздылығын көрсетсе керек. Сондықтан, профессор Қ.А. Бисенов және ғалымдар Л.Б. Аруова, С.Ж. Ибадуллаева, Н.Т. Даужанов, Г.Е. Дямуршаева, Р.А. Нарманова, С.С. Үдербаевтардың «Құрылыс және мұнай салаларында қуат және ресурс үнемдеуші технологияларды әзірлеу және енгізу» тақырыбындағы ғылыми жұмысы мақсатты түрде толыққанды зерттелген өндірістік маңызға ие құнды еңбек деп бағалаймын. Аталған жұмыстың авторлар ұжымын ғылым және техника саласындағы Әл-Фараби атындағы Мемлекеттік сыйлығын иеленуге әбден лайық деп зор сеніммен айта аламын.
Нариман ЖАЛҒАСҰЛЫ, Д.А.Қонаев атындағы Тау-кен институты
«Минералды шикізаттарды физико-химиялық әдіспен қайта өңдеу»
зертханасының жетекшісі,
техника ғылымдарының докторы, профессор,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты