Кафе, мейрамхана мен қонақүйлер авторлық құқықтың цифрлық платформасына қосылады
АСТАНА. KAZINFORM — 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстандағы кафе, мейрамхана, сауда орталығы, қонақүй және басқа да бизнес санаттары зияткерлік меншік саласындағы Бірыңғай цифрлық платформаға кезең-кезеңімен қосылады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова айтты.
Бірыңғай цифрлық платформа авторлар, құқық иеленушілер, олардың құқықтарын басқаратын ұйымдар және туындыларды пайдаланушылар арасындағы жұмысты бір жерге жинақтайды. Платформа арқылы шарт жасасуға, туындының қайда және қалай пайдаланылғанын есепке алуға, есеп беруге, сондай-ақ авторларға тиесілі сыйақыны есептеп, төлеуге болады.
Вице-министрдің айтуынша, платформаны енгізу үш кезеңге бөлінген. Алғашқы кезең биыл 23 қаңтарда басталып, радиостанциялар, телеарналар, кабельдік және спутниктік операторлар саласын қамтыды. Екінші кезең 1 шілдеде басталып, оған театрлар, филармониялар мен кинотеатрлар қосылды.
— Үшінші, ең ауқымды кезең 2027 жылғы 1 қаңтардан басталып, пайдаланушылардың шамамен 90%-ын — кафелерді, мейрамханаларды, сауда орталықтарын, қонақүйлерді және бизнестің басқа да санаттарын қамтиды, — деді Ботагөз Жақселекова.
Қазіргі уақытта Бірыңғай цифрлық платформада 291 субъект тіркелген. Оның ішінде барлық 13 құқықтарды ұжымдық басқару жөніндегі ұйым және 115 телеарна мен радиостанция бар.
Екінші кезең аясында платформаға 63 театр, 25 филармония және 53 кинотеатр тіркелген. Туындылар тізіліміне 157 мыңнан астам объект енгізіліп, базада 15 мыңға жуық құқық иеленуші бар.
Бірыңғай цифрлық платформаның 2027 жылғы 1 қаңтарға қарай толық режимде жұмыс істеуін қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Айта кетейік, бұған дейін авторлық құқық саласындағы Бірыңғай цифрлық платформа қалай жұмыс істейтіні жөнінде жаздық.