18:24, 30 Қаңтар 2009 | GMT +5
Каирде Қазақстан астығын Мысырға жеткізу мәселесі талқыланды
КАИР-БІШКЕК. Қаңтардың 30-ы. ҚазАқпарат /Владимир Добровольский/ - Қазақстан Республикасының Мысырдағы Елшісі Бақтияр Тасымовтың Мысырдың өндіріс және сауда министрі Р.М.Рашидпен кездесуінде Мысырға астық жеткізу жөніндегі екі ел арасындағы келісімшартты жүзеге асыру мәселесі талқыланды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Қазақстан Елшілігінің ақпаратына қарағанда, М.Рашид Мысыр өндіріс және сауда министрлігі үкіметтің басқа да құрылымдарымен бірлесе отырып, Қазақстаннан 1 миллион тонна астықты импорттау туралы уағдаластықты жүзеге асыру жөніндегі шараларды қолға алуда. Астық жеткізуді егжейлі-тегжейлі талқылау үшін, қазақстандық астық экспорттау компаниясының делегациясы Мысырға келеді деп күтілуде.
Қазақстандық дипломат үстіміздегі жылғы наурыздың 11-12-де Астана қаласында өтетін «Ғаламдық тәуекел жүйесінде Еуразияның экономикалық қауіпсіздігі» туралы екінші экономикалық форум өтетіндігі туралы Мысыр тарапына хабарлады және осы шараға осы ел делегациясының да қатысатындығына сенімін білдірді.