Қала аумағында ешқандай төтенше жағдай тіркелген жоқ — Алматы әкімдігі
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда жаңбырлы ауа райына байланысты төтенше жағдай қызметтері күшейтілген жұмыс режиміне көшірілді. Бұл туралы қала әкімдігі хабарлады.
Әкімдіктің мәліметінше, Алматы төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.
Құтқарушылар Үлкен Алматы, Кіші Алматы және Қарғалы өзендеріндегі ахуалды үздіксіз бақылауда ұстап отыр. Мониторинг бекеттерінен жағдай туралы ақпарат сағат сайын қабылданады. Сонымен қатар судың еркін ағуын қамтамасыз ету мақсатында Ақсай өзенінің арнасы алдын ала тазартылған.
— Жауын-шашын басталғанға дейін су басу қаупі жоғары аумақтарға қала әкімдігінің мердігер ұйымдарының, құтқару қызметінің және төтенше жағдайлар департаментінің арнайы техникасы мен жеке құрамы алдын ала орналастырылған. Бұл жағдай күрделенген жағдайда жедел әрекет етуге мүмкіндік береді, — делінген хабарламада.
Әкімдіктің хабарлауынша, қазіргі уақытта қала аумағында ешқандай төтенше жағдай тіркелген жоқ. Құтқару қызметтері тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тәулік бойы кезекшілікті жалғастырып жатыр.
Айта кетейік, 1 шілде күні Үлкен Алматы өзенінде су деңгейі көтерілді. Сондай-ақ Ақсай өзені арнасынан шықты. Қала тұрғындары табиғи құбылыстың салдарын әлеуметтік желіде бөлісіп жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Үлкен Алматы өзені арнасында гранит тастарға зақым келгенін хабарлағанбыз. Бұл жағдайға байланысты Алматы әкімдігі түсінік берді.