13:44, 04 Қыркүйек 2015 | GMT +5
Қала күнінде Алматы метросының бекеттерінде концерттер ұйымдастырылады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда қала күні аясында метро бекеттерінде акустикалық музыка бойынша бірқатар концерттер ұйымдастырылады. Бұл туралы бүгін Алматы қалалық Мәдениет басқармасынан хабарлады.

Сонымен, үстіміздегі жылдың 7-11-ші қыркүйегі аралығында сағат 19:00-ден 20:00-ге дейін бес метро бекеті концерттік алаңдарға айналады. Оларда қала тұрғындары мен қонақтары үшін қаланың ең үздік музыкалық ұжымдары: дирижер Мұрат Серкебаев басқаратын Алматы әкімінің концерттік оркестрі, Алматы симфониялық оркестрі солистерінің ансамблі, «Әлқисса» фольклорлық ансамблі және Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының фольклорлық ансамблі өнер көрсетеді. Бұл жоба отандық музыка өнерін және алматылық өнерпаздардың орындау шеберліктерін паш етуге бағытталған.