Камчаткада Безымянный жанартауының сейсмикалық белсенділігі артып барады
АСТАНА. KAZINFORM — Камчаткадағы Безымянный жанартауында соңғы тәулікте шамамен 40 сейсмикалық жағдай тіркелді, оның сейсмобелсенділігінің артып бара жатқаны туралы ТАСС-қа Ресей ҒА Геофизикалық қызметінің Камчатка филиалы хабарлады.
«Безымянный жанартауында тәулігіне шамамен 40 сейсмикалық оқиға тіркелді, жанартаудың сейсмобелсенділігі өсіп жатыр. Қазіргі уақытта сейсмикалық белсенділік қалыпты жағдайдан жоғары», деп мәлімдеді мекеме өкілдері.
Ресей ҒА Қиыршығыстық бөлімшесі Жанартаутану және сейсмология институтының хабарлауынша, жанартаудың соңғы қарқынды атқылауы өткен жылдың жазында болған, сондағы көкке ұшқан күл бағанасы 12 шақырым биіктікке көтерілген. Қазіргі уақытта жанартаудың ұшар басындағы жарқылы, жер жыныстарының төмен түсуі тіркеліп жатыр, әуе қаупі коды — қызғылт-сары.
Ғалымдар туристерге жанартауға жақындамауға кеңес беріп отыр. Осы замандағы ең ірі атқылау Безымянный жанартауында 1956 жылы тіркелген екен.
Безымянный жанартауы Ключевский жанартаулық тобының орталық бөлігінде орналасқан, ол Ключи елді мекенінен 40 шақырым, Петропавловск-Камчатскийден 350 шақырым қашықтықта жатыр. Бұл жанартау жылына орта есеппен 1-2 рет атқылайды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Камчаткада жер сілкінісінен кейін Ключевский жанартауы оянғанын жаздық.
Ал Индонезияда ірі жанартау атқылауынан кейін дабылдың ең жоғары деңгейі жарияланды.