Қамкөңіл қарттарды қуанту – аса сауапты іс – әлеуметтік қызметкер

Жыл сайын қазан айының соңғы жексенбісінде әлеуметтік қызметкерлер күні тойланады. Мейірім мен адамгершілікті бойына сіңірген мамандық иелері қамқорлыққа мұқтаж жандардың жанынан табылып, тұрмыс-тіршілігіне қолғабыс жасап, өміріне етене араласады. Ізгі қасиеттерден бөлек, бірнеше саланы меңгерген әмбебап кәсіп иелері қажет болса психолог та, медбике де, ұстаз да болады. Солардың бірі – Гүлнұр Рамазанова. Ол бірнеше жыл бойы Солтүстік Қазақстан облысы Подгорное ауылында осы салада жұмыс істеп келеді. Kazinform тілшісі кәсіби мереке қарсаңында әлеуметтік қызметкерді әңгімеге тартты. 

Қарттар
Фото: Гүлнұр Асқарқызының жеке мұрағатынан

– Гүлнұр Асқарқызы, бұл салада жүргеніңізге неше жыл болды? Жұмысыңыз өзіңізге ұнай ма?

– Әлеуметтік қызметкер болып еңбек етіп жатқаныма – 14 жыл. Ал негізгі мамандығым – медбике. Петропавлдағы медициналық колледжіні 1986 жылы бітіргенмін. 2005 жылы Жамбыл ауданынан осы Қызылжар ауданының Подгорное елдімекеніне көшіп келдік. Нақты өз мамандығым бойынша жұмыс бола қойған жоқ, кейін әлеуметтік қызметкер болуға ұсыныс түсті. Бұл – қазіргі таңда сұранысқа ие мамандықтардың бірі. Әрі біз қарттарын сыйлаған, құрметтеген елміз ғой. Жасы ұлғайып, демеусіз қалған ата-әжелердің керегіне жарап жатқаныма, солардың бата-тілегін алып жүргеніме қуаныштымын. 

Жұмысым ұнайды. Әйтпесе мен өзіме ұнамаған жерде ұзақ уақыт жүре алмаймын. Жұмысымның басты ерекшелігі – қамқорлықтағы ата-әжелердің туыстай, уақыт өте келе туған ата-анаңдай болатыны. Үлкендер кішкене кешіксең алаңдап отырады, мен олардың, олар менің жағдайымды біледі. Көпті көрген жандармен сырласамыз, ақылдасамыз.

Мысалы Лидия Васильевнаға 12 жылдан бері көмектесіп келемін, ол маған қызым деп айтады. Сексенге жақындаған әжейдің екі ұлы және қызы бар, олар Ресейде тұрады. Жалғыз қалған әжеймен жақын туыс сияқтымыз, бір-бірімізге сырымызды айтамыз, көпті көрген кісі кейде ақыл-кеңесімен бөліседі. Мәселен бау-бақшада жүргенде көкөністі қалай өсіру керек, жемісті қалай күту қажеттігі туралы кеңес береді. Жеміс-жидекті қысқа дайындау бойынша сол кісіден біраз нәрсені үйрендім.

Көмек
Фото: Гүлнұр Асқарқызының жеке мұрағатынан

Қанша адамға көмектесесіз? Олар туралы айтыңызшы. 

– Бұрын менің көмегіме алты адам мұқтаж еді, екеуін келін-балалары алып кетті. Қазір үшеуімен жұмыс істеймін. Олардың ұл-қыздары Ресейде тұрады. Лидия Васильевна – 77 жаста, Надежда Георгиевна – 75 жаста. Ал Галина Иосифовна – 87 жаста, ол құдай қосқан қосағымен бірге тұрады. 

– Сонда сіздің міндетіңізге нақты не кіреді?

– Мен оларға аптасына екі рет, екі сағатқа барамын. Дүкенге соғып азық-түлігін апарып беремін, дәрі-дәрмегі бітіп қалса жеткіземін. Қыста отын-суын кіргіземін. Аптасына бір рет тұрған жерлерін тазалап беремін. Ал жазда үйлерін әктеп, еден-есіктерін сырлайтын болса қастарында боламын, көмектесемін немесе жұмысшылар тауып беремін. Коммуналдық ақыны төлеймін. Біз олардың тұрмысына барынша жайлы жағдай жасауымыз керек.

– Ата-әжелердің түнде немесе демалыс уақытында көмек сұрап, үйіне шақыратын кездері бола ма?

– Иә, онсыз болмайды. Аптасына екі күн баруға міндетті болсақ та, бұл жұмысты қатып қалған бір тәртіппен орындауға келмейді. Сондықтан да осы мамандықты таңдарда мұның бәрін ескеру керек. Кейде сенбі-жексенбі азық-түліктері бітіп қалғанда көмек сұрап шақырады. Бір әжеміздің 87-дегі жұбайы түнде қайтыс болып, не істерін білмей, маған хабарласты. Мұндайда «менің жұмыс уақытым бітті» деп айтпаймыз, барып көмектесеміз. 

Көмек
Фото: Гүлнұр Асқарқызының жеке мұрағатынан

– Сіздер көбіне жалғыз қалған, ауыратын қарт адамдарға көмектесесіздер. Олардың көңілін табу оңай емес шығар? Жұмыс барысында басқа нендей кедергілерге тап боласыздар?

– Дұрыс айтасыз, үлкен кісінің көңілін табу оңай емес. Бірде ауырып отырады, бірде көңілді. Құбылмалы ауа райы сияқты ғой. Біз, әлеуметтік қызметкерлер әрі дос, әрі көмекші, әрі психолог сияқты көмек көрсетеміз. Қариялар жалғыз тұрғаннан кейін сөйлесетін адамы жоқ, шер тарқатқысы келеді. Біз барғанда олармен әңгімелесеміз. Ауруын айтады, балаларын сағынып еске алады. Тыңдаймыз, көңілдерін көтеруге тырысамыз. 

Бұрын жұмыстың ең қиын тұсы үлкендерге су тасып беру болатын. Әсіресе қыста, аяз бен боранда әбігерге түсетінбіз. Қазір бәрі үйлеріне су кіргізіп алды. Жалпы жұмыс барысы қиын емес. Отын кіргізем, есік алдын қар басса, соны күреп жол ашамын. Мұндайда, әдетте жолдасым көмекке келеді. Ауыр жұмысты ол атқарып жатқанда, мен үйдің шаруасын бітіремін. 

– Әлеуметтік қызметкерге қандай талаптар қойылады? 

– Бұл жұмысқа тек медициналық, педагогикалық білімі бар мамандарды және психологтарды ғана алады. Өйткені біздің ең басты міндет – қамқорлығымыздағы ата-әжелермен тіл табысу, олардың көңілін аулап, қиын жағдайда көмек көрсету. Кейде дәрігер жазып кеткен екпені де қою керек болады. 

Көмек
Фото: Гүлнұр Асқарқызының жеке мұрағатынан

– Бұл салаға келгеніңізге өкінген кезіңіз болған жоқ па?

Жоқ, өкінген емеспін. Қайта олармен жұмыс істеген ұнайды. Қамкөңіл қарттарды қуанту – аса сауапты іс қой. Ата-әжелерімнің алғысын, ақ батасының алып жүргеніме қуанамын. Еңбекақыма да көңілім толады. Мерекелерде елеп, ескеріп жатады. 2016 жылы облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталдым. 2019 жылы біздің басқарманың грамотасын алдым. Кейде немерелеріме уақыт бөлуге қол тимей кетеді. Ұл-қызымнан бес немере-жиенім бар. Басымның аман, бауырымның бүтін болуы осы кісілердің алғысынан шығар деп ойлаймын. 

– Әңгімеңізге көп рақмет!