Қан тобы сирек кездесетін донорларды кейде өзіміз шақырып аламыз – Арман Альдешов
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбеде қан тобы сирек кездесетін тұрақты 100 донор бар. Облыстық қан орталығы оларды үнемі қолдап, мереке күндері сыйлық береді. Сонымен бірге жұмысына кешіккендер мен таңертең ұйықтап қалып, сабаққа бармаған студенттер де қан тапсырып, анықтама алады. Қан орталығындағы жұмыс туралы бас дәрігердің орынбасары Арман Альдешов айтып берді.
– Ақтөбе – еліміздің батысындағы медициналық орталыққа айналған өңір. Осы орталық жоспарлы ота, түрлі төтенше жағдай, жол апаты кезінде шұғыл қан жеткізуге қауқарлы ма?
– Қан орталығы – облыстағы стратегиялық нысанның бірі. Мұнда дайындау, өңдеу, емдеу мекемелеріне қан жеткізу міндеті қойылған. Қазіргі кезде 31 медициналық мекемені қамтып отырмыз. Оның 12-і аудандық аурухана, қалғаны қаладағы емдеу орындары. Орталық гемоөнімнің 10-нан астам түрін шығарады. Көбі – эритроциттер. Екінші орында тромбоциттер және плазма. 2025 жылы біз медициналық мекемелерге 16 500-ден астам өнім жөнелттік. Сонымен бірге орталықта батыс өңіріндегі жалғыз зертханада бар. Мұнда Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Атырау облыстары мен Трансплантация бойынша үйлестіру орталығымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз. Маңызы неде? Қазіргі кезде ағза ауыстыруды қажет ететін адамдар көп. Олар кезекте тұр. Еліміздің батысындағы гемодиализ орталықтары тоқсан сайын тіркеуде тұрған науқастардың қан сынамасын жібереді. Қан сынамасына Ақтөбеде зерттеу жүргізіледі. Науқас ұзақ уақыттан бері гемодиализге тәуелді болса, антидене қалыптасады. Біз сол антидене қалыптасты ма, жоқ па деген сұраққа жауап іздейміз. Себебі елімізде ағза донорларының ортақ базасы бар. Онда донор болатын адамдардың науқаспен сәйкестігі де тексеріледі. Трансплантация орталықтары тіпті күн сайын жаңадан науқастарды тіркеп, деректі жіберіп отырады. Хабарлама келген кезде қай өңірден екенін, науқастың кім екенін анықтап, қан сынамасын жібереді. Біз қан құрамын тексеріп, қорытындысын базаға енгізіп қоямыз. Бұл донорды табу мүмкіндігін арттырады. Егер мидың өлімі тіркелген жағдай болса, аурухана бізге сол науқастың қан сынамасын жіберіп, дәрігерлер туған-туыстарымен сөйлеседі. Келісім берсе, дәрігерлердің қолында қан талдауы дайын тұрады. Ортақ базаға салған кезде донор күтіп отырған науқастардың қайсысы дәл сәйкес келетіні бірден анықталады.
– Кімдерге басымдық береді?
– Оны да база анықтай алады. Гемодиализ алып жүрген науқастардың бәрі бірдей отаны көтере алмауы мүмкін. Сондықтан өзге ағзаны қабылдамайтыны ғана таңдалады. Адами факторды ысырып қойып, нақты нәтиже беретін жағына басымдық беріледі. Бұл халықаралық тәжірибе. Сонымен бірге отадан кейінгі жағдайды да бақылап отырамыз. Мәселен таяуда облыстық балалар ауруханасына сүйек кемігін ауыстырған науқас түсті. Астанада ота жасалып, қосымша ем қабылдау үшін Ақтөбеге жіберілген. Оның қан тобы өзгеріп, тромбоциттері төмендеп кетті. Бізге тромбоциттерді іріктеуге тура келді. Ол үшін донор базасында тіркеуде тұрған бес адамды шақырып, қан алдық, сәйкестігін тексердік. Екі адамның қаны жартылай үйлесіп, тромбоциттер апта бойы сақталды. Таяуда ғана оны қайтадан Астана қаласына жіберді.
– Ақтөбеде тұрақты донор көп пе?
– Облыста 5 мыңға жуық тұрақты донор бар. Донорлар базасы үнемі жаңарып отырады. Бірі келіп, бірі кетіп жатады.
– Егер отбасында, ұжым арасында біреуіне ота жасалса, қан тапсыру міндеттелетін...
– Иә, бұрын болды, қазір бұл талапты алып тастады.

– Қан тапсыруға келетіндер арасында созылмалы, жұқпалы ауруын жасырып қалатындар бар ма?
– Қан құрамының бәрі таза әрі қауіпсіз болуы тиіс. Донорды алдымен дәрігерлер тексереді. Дамумед базасы арқылы денсаулығы жайлы ақпарат алады. Әр апта сайын ЖИТС орталығы бізге тізімдегі адамдар туралы ақпарат береді. Сонымен бірге гепатит жұтырғандар туралы ақпаратты Жұқпалы аурулар ауруханасы жібереді. Қазір InfoGrantum бағдарламасы да бар. Қандай да бір инфекция, вирус анықталса тіркеуге аламыз. Оны барлық қан орталығы көріп отырады. Фтизиопульмонология орталығы, ЖИТС орталығы мен Жұқпалы аурулар ауруханасы және Қан орталығы деректі тіркеп қояды. Бұл 2025 жылы енгізілген бағдарлама. Сонымен бірге қан екі рет тексеруден өтеді. Бірінде қан тобы анықталады, екіншісінде инфекцияның бар-жоғы тексеріледі. Егер инфекция анықталса, тіркеп, хабар береміз. Биыл үш адамдан АИТВ жұқпасы анықталды. Дерек облыстық ЖИТС орталығына жіберілді. Сонымен бірге бізге студенттер де жиі келіп, қан тапсырады. Түрлі акция ұйымдастырамыз. Ұжымдар бізге келмей, өздеріне шақыра алады.
– Татуаж жасатқандар, қас-қабағын сыздырып алғандар қан тапсыра алмайды деген түсінік те болды. Ондай тыйым бар ма?
– Мұндай шектеу жоқ. Тек олардың қан құрамын тексеріп, зертханаға жібереміз. Қазір көп адам хиджама жасатып алады. Егер хиджама жасатса, бірнеше ай күтуге туралы келеді. Ол кезде көп қан жоғалтады, ал бізге қалыпты болғаны дұрыс. Сонымен бірге әйелдердің етеккір циклін қараймыз. Бір қарағанда ол өзін қалыпты сезінуі мүмкін. Бірақ 20-30 қадамнан кейін есінен танып қалып жатады.
– Студенттер де донор болады екен. Олар өз себебін түсіндіре ме?
– Шынын айту керек, олар сабақтан кешіккен күні немесе медициналық тексеруден өту үшін келеді. Сонымен бірге жұмысшылар да кешігіп қалып, қан тапсырады. Мұнда анықтама беріледі. Анықтаманы көрсетсе екі күн жұмыстан босатылады. Ал егер еңбек демалысында келсе, бір күн қосып алады. Демалысты өзі қалаған күні де ала алады. Кейде жұмыс берушілер жұмысшысына сенбей, сұраныс жолдайды. Біз сұранысқа сай жауап береміз.
– Бір адам жыл ішінде неше рет қан тапсыра алады?
– Донор жылына бес рет қана қан тапсыра алады. Егер сирек кездесетін қан тобы болса, қажет кезде қайта шақырып аламыз. Бізде үшінші және төртінше теріс резус факторы өте сирек кездеседі. Бұл қан тобының доноры 100-ден сәл асады. Донорлардан тромбоциттер алмас бұрын сұранысқа қарамыз. Себебі тромбоциттер тек 10 күн сақталады. Онда да бірден алмаймыз, адамның өзінде қанша бар екенін анықтаймыз. Көп дегенде тек үш дозасын ғана аламыз. Ол 40 минут бойы аппаратта жатып, тромбоциттері сүзіледі. Жиі қан тапсырғанда төмендеп кетсе, бізге басқа донорды шақыруға тура келеді. Кем дегенді бір доза аламыз. Бізде әр донордың коды бар. Донор коды, донация коды және өнім коды жазылып, сақталады. Ақпаратты құпия ұстаймыз, тек коды арқылы біледі. Донорлар арасында дәрігерлер де бар. Қажет кезде хабарласып, шақырып аламыз. Бір қуантарлығы донорлардың көбі көмек керек кезде бірден қолдайды. Біз де мерекеде оларды шақырып, кәсіподақ пен демеушінің қолдауымен сыйлық беріп тұрамыз. Бірінші рет қан тапсырған адам қорқуы мүмкін. Кейін тұрақты донорға айналып жатады. Көбіне ер адамдар қан тапсырады. Кейде терапевттердің өзі қан тапсыруға кеңес береді. Хиджаманың орнына қан тапсыруды қолдайтындар да бар.
– Аудандарда қан қоры қалай жасақталады?
– Аудандарда да қан қоры бар. Оларда көбіне бірінші қан тобы болады. Егер ауданда теріс резусты қан тобы бар әйел жүкті болса, олар үшін бөлек қор дайындалады. Қан қорын әрбір 40 күн сайын жаңартып отырады.
– Ақтөбе төртінші мегаполиске айналуы мүмкін. Біздегі Қан орталығының қуаттылығы жеткілікті ме?
– Құрылыс-монтаж жұмыстары 2027 жылға жоспарланды. Ол үшін жер телімі бөлінді. Бұл ғимарат 1985 жылы салынған. Қан қорын сақтайтын орынға заманауи технология қажет-ақ. Қазір тоңазытқыш, мұздатқыш жеткіліксіз. Сонымен бірге эпидахуалды бақылау қиын. Сұраныс артқанда соған сай болу керек деп ойлаймыз.