Канада алғаш рет «Еуровидениеге» қатысады

АСТАНА. KAZINFORM – Канада 2027 жылы Болгарияда өтетін «Еуровидение» халықаралық ән байқауына алғаш рет қатысады, деп хабарлайды Deutsche Welle.

Какие страны прошли во второй полуфинал «Евровидения»
Фото: Eurovision

Еуропалық хабар тарату одағы (EBU) мен Канаданың ұлттық телерадио корпорациясы бірлескен мәлімдемесінде канадалық хабар таратушының Еуропалық хабар тарату одағына мүше болғаны және осының арқасында елдің байқауға қатысу мүмкіндігіне ие екені айтылды.

«Канаданың «Еуровидениеге» деген қызығушылығы мен ынтасы өте жоғары», – делінген хабарламада.

EBU мәліметінше, 2026 жылы Венада өткен 70-ші «Еуровидение» байқауында Канада Еуропадан тыс елдер арасында ең көп дауыс берген үш мемлекеттің қатарына кірген. Сонымен қатар канадалықтар жартылай финал мен финалға ең көп билет сатып алған елдердің бірі болды.

«CBC/Radio-Canada-ны Eurovision Song Contest мүшесі ретінде қарсы алғанымызға өте қуаныштымыз. Бұл – Еуропада дүниеге келген байқаудың әлемге ашық екенін көрсететін тағы бір дәлел», – деді «Еуровидениенің» директоры Мартин Грин.

Канада байқауға жартылай финал кезеңінен бастап қатысады. Елдің атынан өнер көрсететін орындаушыны іріктеу туралы толық ақпарат жыл соңына дейін жарияланады.

Айта кетейік, «Еуровидение» байқауы алғаш рет 1956 жылы ұйымдастырылды. Еуропадан тыс алғашқы тұрақты қатысушы ретінде Австралия 2015 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Ал 2027 жылғы байқау Болгарияда өтеді. Бұл ел 2026 жылы әнші Дараның Bangaranga әнімен алғаш рет жеңімпаз атанғаннан кейін байқауды қабылдау құқығына ие болды.

Еске салайық, «Евровидение» дауыс беру тәртібін өзгертті.