Канада құрамасы Ресейді ойсырата жеңді

АСТАНА. Ақпанның 25-і. ҚазАқпарат - Ванкувер Олимпиадасында Ресей жанкүйерлерінің хоккейшілерден күткен үміті ақталмады: олар канадалықтардан ойсырай жеңілді, деп хабарлайды РБК агенттігі. Ресейліктер ойын бастала салып, есе жібере бастады - үшінші минутта канадалық Райан Гетцлафф есеп ашты.

Канада құрамасы Ресейді    ойсырата жеңді

Канадалықтар ойынның алғашқы 13 минутына дейін ресейліктерге бас көтертпей, үш гол салды. Содан кейін Ресей құрамасының жаттықтырушысы Вячеслав Быков тайм-аут алды.

Үзіліс Ресей командасына көмектескендей болды. Ойынның 15-ші минутында Дмитрий Калинин есеп ашты, бірақ бұл шайба канадалықтардың екпінін баса алған жоқ. Канадалықтар мықты ойын көрсетіп, ресейліктердің қақпашысы Е.Набоковты тағы қапы қалдырды.

Үзіліске командалар 4:1 есебімен, Канаданың басымдығымен шықты. Ойынның екінші және үшінші кезеңі де канадалықтардың басымдығымен өтті. Өкінішке орай, сенсация болған жоқ. Нәтижесінде, Ресей құрамасы «үйеңкі жапырақтылардан» 3:7 есебімен ойсырай жеңіліп, турнирден шығып қалды.