Қанат Саудабаев Норвегия Сыртқы істер министрінің Мемлекеттік хатшысы Т. Ларсенмен кездесті

Норвегия Сыртқы істер министрінің Мемлекеттік хатшысы Торгейр Ларсенмен кездесті. Бұл туралы «Назарбаев орталығының» баспасөз қызметінен мәлім етті.
Сұхбаттасушылар екі елдің жаппай қырып-жою қаруын таратпау саласындағы өзара ықпалдастықтың өзекті мәселелерін екіжақты, сондай-ақ жаһандық деңгейде талқылады.
Қ.Саудабаев: «Біздің мемлекеттеріміз қару таратпау және қарусыздану үдерісінде ортақ көзқараста және тиісті халықаралық үдерістердің белсенді қатысушылары болып табылады. Соңғы жылдары Қазақстан мен Норвегия саяси, сондай-ақ ғылыми-техникалық тұрғысынан да өз ынтымақтастығын едәуір нығайтты. Осы ынтымақтастығымыз қару таратпау мен қарусызданудың жаһандық режімін нығайтуға лайықты үлесін қосатынына сенімдімін», деп атап өтті.
Өз кезегінде, Т.Ларсен: «Президент Назарбаевтың Семей ядролық полигонын жабу, қуатты ядролық арсеналдан бас тарту жөніндегі шешімдері мен Қазақстанның іс-қимылдары бүкіл әлемге дем берді және өзге елдер үшін болашаққа жол салды. Қазақстан мен бізді ядролық қарудан азат бейбітшілікке деген ортақ ұмтылыс біріктіреді және біз оны нақты істермен нығайтып келеміз»,- деді.
Соңғы жылдарда Қазақстан мен Норвегия осы тақырыпқа арналған бірқатар ірі халықаралық іс-шаралар өткізді, БҰҰ аясында өзара белсенді іс-қимылдар жасауда. ҚР Ұлттық ядролық орталығы Геофизикалық зерттеулер институты мен Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың (ЯСЖТСШ) орындалуын бақылау аясында мәліметтер орталығы болып табылатын «NORSAR» норвегиялық орталығы арасындағы ынтымақтастық табысты дамып келеді. 2010 жылы Алматыда ҚР ҰЯО ГЗИ жанынан ЯСЖТСШҰ қолдау жөнінде Халықаралық оқу орталығы ашылды. Астанада өткен бүгінгі ғылыми-практикалық семинар да ядролық қауіпсіздік мәселелеріне арналды.
Тараптар сондай-ақ, Қазақстанда 27-29 тамыз күндері ҚР Праламенті, «Назарбаев орталығы» және Ядролық Таратпау және Қарусыздануды жақтайтын Парламентарийлер одағы бірлесіп ұйымдастыратын «Ядролық сынақтарға тыйым салудан ядролық қарудан азат бейбітшілікке» халықаралық конференциясына Норвегия Стортингі (Парламенті) уәкілетті өкілдерінің қатысу мәселесі талқыланды.
Келіссөздер нәтижесі бойынша тараптар «Назарбаев орталығы» мен Норвегиядағы тиісті құрылымдар арасында қару таратпау саласындағы ынтымақтастықты жолға қою туралы уағдаластыққа қол жеткізді.