10:21, 06 Ақпан 2009 | GMT +5
Қанат Саудабаев Вашингтонда АҚШ Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтонмен кездесті
ВАШИНГТОН. Ақпанның 6-сы. ҚазАқпарат – Вашингтонға жұмыс сапары аясында Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаев АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтонмен кездесті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазақстанның АҚШ-тағы Елшілігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.Қ.Саудабаев Х.Клинтон ханымға АҚШ Мемлекеттік хатшысы қызметіне тағайындалуына байланысты Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын жеткізді және Қазақстан Құрама Штаттардың жаңа әкімшілігімен ынтымақтастықты тереңдету перспективасына үмітпен қарайтынын атап көрсетті. Қ.Саудабаев сондай-ақ АҚШ Мемлекеттік хатшысының саяси мәселелер жөніндегі орынбасары Уильям Бернспен әңгімелесіп, бірқатар өзекті халықаралық проблемалар бойынша қазақстан-американ стратегиялық өзара іс-қимылдарды дамытудың кемел келешегін талқылады. Қ.Саудабаев сондай-ақ, АҚШ Президенті Б.Обама мен Ұлыбританияның бұрынғы премьері Т.Блэр қатысып, сөз сөйлеген Ұлттық ғибадат ету қонақасына қатысты. Дастархан басында бүгінгідей қиын-қыстау заманда түрлі дін адамдарының арасындағы өзара түсіністікті нығайтудың жолдары талқыланды. Одан кейін Қ.Саудабаев Карнеги қорында АҚШ саясаткерлерінің, сарапшылар мен іскер топ өкілдерінің қатысуымен өткен «дөңгелек үстел» отырысында «Қазақстанның Еуразиядағы өсіп келе жатқан ролі» тақырыбында баяндама оқыды. Шара аясында қауіпсіздік және аймақтық даму, энергетика, сауда және инвестиция сияқты салалардағы екі елдің қарым-қатынастарын нығайтудың перспективасы туралы пікір алмасылды.