Қандай тағамдардан улану қаупі жоғары – маманның ескертуі

АСТАНА. KAZINFORM – Бұл жөнінде Астана қаласының коммуникациялар қызметі ұйымдастырған брифингте Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Айгүл Шағалтаева мәлімдеді.

Тамақтан улану
Фото: Көктем кафесінің желідегі парақшасынан

– Тағамдық инфекция қоздырғыштары көбіне сақтау мен дайындау талаптарын қатаң сақтауды қажет ететін өнімдерде кездеседі. Олардың қатарына көп құрамды салаттар, крем қосылған кондитерлік өнімдер, тартылған еттен дайындалған тағамдар, жұмыртқа өнімдері, құс етінен дайындалған тағамдар, балық пен теңіз өнімдері, жартылай фабрикаттар және дайын аспаздық өнімдер жатады. Сондай-ақ, дұрыс жуылмаған көкөністер, жеміс-жидектер мен көк шөптер де аурудың таралуына себеп болуы мүмкін. Өнімнің ластануы оны өсіру мен жинаудан бастап, тасымалдау және сату кезеңіне дейінгі кез келген сатыда орын алуы ықтимал. Сондықтан жеке гигиена талаптарын сақтау және өнімдерді тиісті температурада сақтау – тағамдық инфекциялардың алдын алудың негізгі шарты, – деді ол.

Сонымен қатар, маман тұрғындарға азық-түлікті тек ресми сауда орындарынан сатып алуға, өнімнің жарамдылық мерзімі мен сақтау жағдайына назар аударуға кеңес берді.

Одан бөлек, қолды, көкөністер мен жемістерді мұқият жуып, тағамды дұрыс сақтау және дайындау қажеттігін еске салды.

– Балалар мен денсаулығы әлсіз адамдарға ерекше көңіл бөлген жөн. Ал тағамнан уланудың алғашқы белгілері байқалған жағдайда дереу медициналық көмекке жүгіну қажет, – деді Айгүл Шағалтаева.

Айта кетейік, бұған дейін елордада 648 адам жіті ішек инфекциясын жұқтырғанын жазғанбыз.