Канье Уэстің Алматыдағы концерті қалай өтті
АСТАНА. KAZINFORM —Алматыда YE деген атпен өнер көрсететін америкалық рэпер әрі музыкалық продюсер Канье Уэстің концерті өтті.
Ауқымды шоу оңтүстік астананың Орталық стадионында ұйымдастырылды.
Концерт сағат 21:00-де басталды. Ал стадион көрермендер үшін 16:00-де ашылды.
Шоу әсерлі өтті: көрермендер әншіге қосылып ән айтып, билеп, болып жатқан оқиғаларды бейнежазбаға түсірді. Концерт барысында аспанға бірнеше рет отшашу атылып, бұл шоудың жарқын элементтерінің біріне айналды.
Шоудың басты ерекшелігі – стадионның ортасына орнатылған алып шар тәрізді құрылым болды. Канье Уэст дәл осы құрылымның үстінде қауіпсіздік арқанының көмегімен өнер көрсетті.
Концертті өткізу үшін Алматыға 100 тоннадан астам техникалық жабдық жеткізілді. Көрермендерге сахна, шар тәрізді құрылым және пиротехникалық әсерлер қолданылған шоу ұсынылды.
Алаңның периметрі бойынша жарықтандыру жабдықтарына арналған биік техникалық мұнаралар да орнатылды.
Көрермендердің кіруі үшін Орталық стадионның үш жағынан 40 кіреберіс қарастырылды.
Аумаққа кірер алдында тексеру жүргізілді. Ішке тек билетпен кіруге рұқсат етілді.
Концерт өтетін күні полиция стадион аумағы мен оған іргелес көшелердегі патрульдік қызметті күшейтті.
Ұйымдастырушылар көрермендерге қару, есірткі, алкоголь, шыны ыдыс, пластик бөтелкелер, кесетін және тесетін заттар мен басқа да тыйым салынған заттарды алып кіруге болмайтынын алдын ала ескертті.
Аумақта жедел медициналық жәрдем бригадалары мен өрт сөндіру жасақтары да кезекшілік етті. Медициналық қызметкерлер стадион маңында болып, қажет болған жағдайда көрермендерге көмек көрсетуге дайын тұрды.
Концертке байланысты сағат 16:00-ден 00:00-ге дейін Абай даңғылының, Сәтбаев және Байтурсынов көшелерінің жекелеген учаскелерінде көлік қозғалысы мен автокөлік қоюға шектеу қойылды.
Қоғамдық көліктің 32 бағытының қозғалыс сызбасы өзгерді.
Концерт аяқталғаннан кейін көрермендер үшін алты бағыт бойынша 60 тегін автобус ұйымдастырылды. Автобустар Орталық стадионнан «Алматы Аренаға», «Алатау» метро станциясына, Алматы-1 теміржол вокзалына, «Орбита» шағынауданына, «Жұлдыз» шағынауданына және Алматы халықаралық әуежайына қатынады.
Метроның жұмыс уақыты да ұзартылды. Метрополитен түнгі сағат 01:00-ге дейін жұмыс істеді.
Еске салайық, YE концерті бастапқыда 14 тамызда өтуі керек болған. Алайда қатты жел мен нөсер жаңбыр салдарынан сахналық құрылымдардың кейбір элементтері зақымдалып, концерт 15 тамызға ауыстырылды.
Бұған дейін Алматыда әлемге әйгілі Канье Уэстің концертіне дайындық қалай жүріп жатқаны туралы жазған болатынбыз.