Қант нарығының 70%-дан астамы импортқа тәуелді
АСТАНА. KAZINFORM – Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі елдегі қант нарығына талдау жүргізуді аяқтады. Жұмыс қорытындысы бойынша 2025 жылдың қорытындысында ішкі нарықтағы импорттық қанттың үлесі 70,4%-ға жеткен, ал отандық өндіріс ішкі тұтынудың тек 29,6%-ын қамтамасыз етеді.
Бұл ішкі өндірісті дамыту бойынша қабылданып жатқан шараларға қарамастан, Қазақстанның қант саласы бұрынғысынша импортқа тәуелді екенін көрсетеді. Ішкі сұраныстың негізгі бөлігі импорттық шикі қамыс қантын өңдеу және дайын импорттық қант жеткізу есебінен қамтамасыз етіледі.
— 2022–2026 жылдарға арналған Қант саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспардың және Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту тұжырымдамасының бірқатар нысаналы көрсеткішіне қол жеткізілген жоқ. Атап айтқанда, бұл қант қызылшасының егіс алқаптары, жалпы түсім, қант өндіру көлемі және ішкі нарықтың өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі бойынша көрсеткіштерге қатысты. Сонымен қатар, 2024 жылы қант қызылшасынан рекордтық өнім алынғанына қарамастан, бұл қайта өңдеу кәсіпорындарының қуаттарын толық көлемде пайдалануға мүмкіндік бермеді. Себебі қолданыстағы өндірістік қуаттардың құрылымы айтарлықтай дәрежеде импорттық қамыс шикі қантына бағдарланған. Бұл шикізат базасы мен қайта өңдеу қуаттарын дамыту арасындағы теңгерімсіздіктің сақталып отырғанын көрсетеді, — делінген Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі хабарламасында.
Талдау қанттың биржалық саудасының қолданыстағы моделінің тиімділігін арттыру және тауар биржалары туралы заңнама талаптарының сақталуына Сауда және интеграция министрлігі тарапынан бақылауды күшейту қажеттігін көрсетті. Жекелеген отандық өндірушілерде өндіріс көлемінің ұлғаюы тауар биржалары арқылы өткізу көлемінің тиісті өсуімен қатар жүрмегені анықталды. Сондай-ақ отандық және импорттық қанттың айналымы үшін бірыңғай жағдайларды қамтамасыз ету қажет. Бұдан бөлек, импортталған қанттың кейіннен үшінші елдерге әкетілуінің жекелеген жағдайлары анықталған, бұл тауар ағындарының ішкі нарықты қамтамасыз етуге ықпалын қосымша бағалауды талап етеді.
— Талдау қорытындысы бойынша БҚДА қантты көтерме саудада өткізетін субъектілерге монополияға қарсы заңнаманы бұзу белгілері бойынша 9 хабарлама енгізді. Мүдделі мемлекеттік органдарға отандық шикізат базасы мен қайта өңдеу қуаттарын дамыту, қант зауыттары мен қант қызылшасын өсіретін шаруашылықтар арасында ұзақ мерзімді келісімшарт жасауды енгізу, биржалық саудаға бақылауды күшейту, қанттың реэкспортын мониторингтеу, сондай-ақ ішкі нарықтың импортқа тәуелділігін төмендету бойынша ұсыныстар жолданды. Тиісті ұсынымдарды жауапты мемлекеттік органдарды бекіте отырып, қант нарығындағы бәсекелестікті дамыту жөніндегі Жол картасына енгізу ұсынылады, — делінген хабарламада.
Айта кетелік Қазақстан қалаларында қант бағасы қанша екенін жазған едік.