Канвон-2024: Қазақстандық конькиші Олимпиаданы 11-орынмен аяқтады
АСТАНА. KAZINFORM – Оңтүстік Кореяның Канвон қаласында өтіп жатқан IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасында бүгін конькимен сырғанаудан қыздар және ұлдар арасында қысқы жасөспірімдер Олимпиадасының соңғы жүлде жиынтығы сарапқа салынды.
Конькимен сырғанаудан жерлестеріміз Олимпиададағы барлық қашықтықтағы сайыстарды аяқтады.
Қыздар арасындағы масс-старт сайысының финалдық кезеңіне әпкелі-сіңлілі Кристина Шумекова мен Алина Шумекова қатысқан болатын. Өкінішке қарай, финалдық кезеңде 3-орында келе жатқан Алина Шумекова өзге спортшымен қақтығысып қалып, жүлдеден тыс қалды. Ал Кристина Шумекова жарысты 12-орынмен аяқтады.
Ерлер арасында финалдық сында жүлдеге таласқан жалғыз жерлесіміз Руслан Жанәділов Олимпиаданы 11-орынмен аяқтады.
Жарыс қорытындысы қыздар арасында:
1-орын - Нидерланды - Ангел Далеман (Олимпиадада 3 дүркін чемпион атанды)
2-орын - Нидерланды - Жасмижн Винхуис
3-орын – Қытай - Юнжи Луи
12-орын – Қазақстан - Кристина Шумекова — 5:58.38
Ұлдар арасында:
1-орын - Германия - Финн Соннекалб (3 дүркін Олимпиада чемпионы атанды)
2-орын Қытай - Баошуо Пан
3-орын – Норвегия - Ейрик Андерсен
11-орын – Қазақстан - Руслан Жанәділов — 5:31.80
Естеріңізге сала кетейік, Оңтүстік Кореядағы жасөспірімдер Олимпиадасында Қазақстан намысын спорттың 5 түрінен 10 дисциплина бойынша 41 спортшы қорғап жатыр.
Атап айтар болсақ, биатлон, керлинг, конькимен сырғанау, шорт-трек, шайбалы хоккей, шаңғы жарысы, шаңғымен тұғырдан секіру, шаңғы қоссайысы, тау шаңғысы, фристайлдан параллельді могул бойынша бақ сынауда.
Канвон қысқы жасөспірімдер Олимпиадасының алауы 19 қаңтар күні тұтанды. Дода 1 ақпанда мәресіне жетеді. Аталған жарысқа әлемнің 80-ге жуық елінен 1 800-дей спортшы қатысуда. 7 спорт түрінен (15 дисциплина) 81 медаль жиынтығы сарапқа салынуда.