Канвон Олимпиадасының жүлдегерлері қанша сыйақы алады
АСТАНА. KAZINFORM – Оңтүстік Кореяның Канвон қаласында өткен IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне мемлекеттік сыйақы беріледі.

Бұл туралы KAZINFORM тілшісіне Канвон-2024 миссиясының жетекшісі, Қазақстан ҰОК спорт департаментінің басшысы Елсияр Қанағатов айтып берді.
«Елімізде кез келген әлемдік додаларда топ жарған спортшыларға нақтылы белгіленген қаржылай сыйақы бар. Жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері де мемлекеттік сыйақыдан құр қалмайды», - деп атап өтті ол.
Сонымен қатар жүлделі орындарға қол жеткізген спортшылардың жаттықтырушыларына да сыйақы қарастырылғанын жеткізді.
«Чемпион болған спортшыға 10 мың АҚШ доллары, бапкеріне 5 мың АҚШ доллары, екінші орын алған жүлдегерге 5 мың, бапкеріне 3 мың АҚШ доллары беріледі. Ал үздік үштіктен көрінген спортшыларымыз 3 мың АҚШ долларын иеленсе, бапкеріне 2 мың доллар беріледі», - деп нақтылады ҰОК спорт департаментінің басшысы Елсияр Қанағатов.
Сонымен қатар жеңімпаз спортшыларға әрбір федерациялар, әрбір жергілікті әкімдіктер өздері қандай құрмет көрсетсе де ешқандай кедергі жоқ екенін де еске салды.
Айта кетейік, Канвон Олимпиадасында Қазақстан құрамасы 1 алтын, 2 қола медальмен жалпы командалық есепте 20-орынға қол жеткізді.
Тұңғыш алтын медалді шаңғымен тұғырдан секіруден Қазақстан командасының мүшесі Илья Мизерных жеңіп алса, қола медальдің бірін шорт-тректен 1 000 метр қашықтықта сынға түскен спортшыларымыз Полина Омельчук қанжығасына байлады. Ал екінші қола жүлдені Қазақстан қоржынына хоккейшілеріміз салды.