Қар, боран және көктайғақ: Қазақстанның 15 өңіріне ескерту жасалды

АСТАНА. KAZINFORM — «Қазгидромет» РМК 2026 жылғы 26 қаңтарда еліміздің бірқатар өңірінде қолайсыз ауа райы күтілетінін ескертті. Кей аймақта қар жауып, жаяу бұрқасын, көктайғақ болып, тұман басады. Сонымен қатар желдің жылдамдығы секундына 20 метрге дейін күшеюі мүмкін. 

метель, боран, снег, қар
Фото: Мақсат Шағырбаев / Kazinform

Маңғыстау облысының батысында, солтүстігінде, орталығында түнде және күндіз көктайғақ күтіледі. Облыстың батысында, оңтүстігінде, орталығында тұман түседі. Ақтауда көктайғақ болады

Ұлытау облысының солтүстігінде, шығысында, орталығында түнде қар, жаяу бұрқасын, күндіз облыстың батысында, оңтүстігінде, орталығында қар, жаяу бұрқасын күтіледі. Облыстың солтүстігінде, оңтүстігінде, орталығында тұман түседі. Жезқазғанды кей уақытта тұман басады.

26-28 қаңтарда Алматы облысының солтүстігінде, оңтүстігінде кей уақытта тұман, жолдарда көктайғақ күтіледі. Оңтүстік-шығыстан соғатын жел солтүстік-шығыс бағытқа ауысады, 27-28 қаңтарда облыстың шығысында екпіні 15-20 м/с жел соғады. Алматыда 26-28 қаңтарда түнде және таңертең тұман түсіп, жолдарда көктайғақ болады. 26-28 қаңтарда Қонаевты түнде және таңертең тұман басып, жолдарда көктайғақ күтіледі.

Ақтөбе облысының оңтүстігінде, шығысында, орталығында күндіз қар жауады, жаяу бұрқасын болады. Солтүстік-шығыстан жел соғады, күндіз облыстың оңтүстігінде, орталығында, шығысында екпіні 15 м/с жетеді.

Ақмола облысының оңтүстігінде, шығысында қар жауып, жаяу бұрқасын күтіледі. Түнде және таңертең облыстың оңтүстігінде, шығысында тұман түседі.

Жамбыл облысының солтүстігінде, батысында, шығысында, таулы аудандарында түнде және таңертең қар, жаяу бұрқасын күтіледі. Кей уақытта тұман, көктайғақ болады. Оңтүстік-шығыстан жел соғады, түнде облыстың оңтүстік-батысында, таулы аудандарында, күндіз облыстың таулы аудандарында 15-20 м/с дейін ұйытқиды. Таразда кей уақытта тұман, жолдарда көктайғақ күтіледі.

Атырау облысының батысында, оңтүстігінде, шығысында қар борап, жаяу бұрқасын күтіледі.

Түркістан облысының оңтүстігінде, таулы аудандарында түнде және таңертең көктайғақ болады. Облыстың батысында, солтүстігінде, оңтүстігінде, таулы аудандарныда тұман түседі. Оңтүстік-шығыстан жел соғады, түнде және таңертең облыстың тау асуларында 15-20 м/с дейін жетеді. Шымкентте кей уақытта тұман түсіп, көктайғақ күтіледі. Түркістанда кей уақытта тұман, көктайғақ болады.

Қызылорда облысының батысында, солтүстігінде, орталығында таңертең және күндіз көктайғақ күтіледі. Облыстың орталығында, солтүстігінде, оңтүстігінде тұман түседі. Қызылордада кей уақытта тұман, күндіз көктайғақ болады.

Шығыс Қазақстан облысының батысында, солтүстігінде, шығысында түнде және күндіз қар, бұрқасын болады. Облыстың батысында, солтүстігінде, оңтүстігінде тұман күтіледі. Жел оңтүстік-шығыстан соғады, күндіз облыстың солтүстігінде, шығысында екпіні 15-18 м/с дейін күшейеді.

Абай облысында қар, бұрқасын күтіледі. Облыстың оңтүстігінде, шығысында тұман түседі. Жел оңтүстік-шығыстан соғады, облыстың оңтүстік-батысында, орталығында екпіні 15-20 м/с дейін жетеді.

Жетісу облысында түнде және күндіз солтүстігінде, шығысында, орталығында, таулы аудандарында қар жауады. Облыстың солтүстігінде, шығысында, орталығында, таулы аудандарында кей уақытта тұман түсіп, көктайғақ, жаяу бұрқасын болады. Оңтүстік-шығыстан жел соғады, облыстың шығысында, таулы аудандарында кей уақытта екпіні 15-20 м/с дейін күшейеді. Талдықорғанда түнде кей уақытта тұман, көктайғақ күтіледі.

Батыс Қазақстан облысының батысында, оңтүстігінде аздаған қар жауып, жаяу бұрқасын болады. Облыстың солтүстігінде, шығысында тұман түседі. Оралда түнде және таңертең тұман күтіледі.

Қостанай облысының батысында, солтүстігінде, оңтүстігінде тұман түседі.

Павлодар облысының батысында, оңтүстігінде, шығысында қар жауып, бұрқасын болады. Облыстың солтүстігінде тұман күтіледі. Солтүстік-шығыстан жел соғады, облыстың батысында, оңтүстігінде, шығысында екпіні 15-20 м/с дейін жетеді. Павлодарда қар, бұрқасын, тұман күтіледі.

Осыған дейін ертең ақтөбелік 1-11 сынып оқушылары қашықтан оқитынын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар