Қар мен дауыл: Алматы құтқарушылары тұрғындарды тауға бармауға шақырды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Ертең, 5 наурыз күні Алматының таулы аймақтарында қатты жел, тұман және көктайғақ болады деп болжанып отыр.

горы
Фото: ҚР ТЖМ

Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаменті «Қазгидромет» болжамына сүйене отырып, көлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілерді көктайғақ кезінде ерекше мұқият болуға және қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырды.

- 5 наурызда Медеу және Бостандық аудандарының таулы аймақтарында қатты қар жауып, оңтүстік-шығыстан соғатын жел екпіні секундына 18–23 метрге дейін жетеді, күндіз кей уақытта 28 м/с дейін жетуі мүмкін. Сондықтан таулы аймақтарға бармауды сұраймыз, - деп хабарлады департаменттен.

Сонымен қатар ТЖД қала тұрғындарына көлікті ағаштың астында қалдырмау керек екенін ескертті.

Қатты жел кезінде мүмкіндігінше үй-жайда болыңыз. Егер үйде болсаңыз, терезелер мен есіктерді мықтап жабыңыз. Ауладан, ашық балкондардан және лоджиялардан үйіңізге зиян келтіруі мүмкін тұрмыстық заттарды алып тастаңыз. Далада билбордтардың, ағаштардың астында, аяқталмаған ғимараттарда, сондай-ақ үйлердің қабырғаларында жасырынуға болмайды, - деп түсіндірді ТЖД.

Еске салайық, Қонаев қаласында 27 м/сек жылдамдықпен жел соғып, оның салдарынан тұрғын үйлердің шатыры ұшты және жеңіл конструкцияларға зақым келді.

Одан бөлек Алатау қаласының әр аумағында қатты желден инфрақұрылым зақымданды.

 

Соңғы жаңалықтар
Референдум