Қара күштің иесі ғана металлург болады - ақтөбелік мамандар

Ақтөбедегі ферроқорытпа зауытында алдымен металл балқытушы, кейін ұнтақтаушы болып жұмыс істеп жүрген Еркін Куканов биыл төл мерекеде «Қазхромға еңбегі сіңген жұмыскер» медалімен марапатталды. Ол еркінбейді, еңбектенді. Төзім мен шыдамды талап ететін жұмысынан кетем деп ешуақытта ойлаған емес.
«Ақтөбе ферроқорытпа зауытына тиесілі стадионда спорт нұсқаушысы болып жұмыс істедім. 1987 жылы еңбек жолым басталды. Кейін еліміз тәуелсіздік алып, мекемелер қайта құрылды. Зауытқа сол кезде тап болып, бірден металл балқытушы болдым. №1 балқыту цехында 2010 жылға дейін жұмыс істеп, кейін Қожды қайта өңдеу цехының қожшысы болдым. Биыл металлургия саласында жүргеніме 30 жыл толды», - деді Еркін Куканов.
Металлургиядағы табыс жұмысшы мен тәлімгердің ортақ жеңісі. Жас маман міндетті түрде тәжірибелі жұмысшылар үлгі алады, үйренеді, қателіктерін түзейді. Мұнда бір адамның еңбегі барлық бригада жұмысына әсер етеді. Бірі кідіріп, тоқтаса жұмыс әлсірейді.
«Ағаларымыз ақыл айтты, бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан әріптестеріміз балқытудың қыр-сырын үйретті. Біздің жұмысымыз бір-бірімізге байлаулы. Пештің қасында жүрген 5-6 адамның қимылы жұмыстың көлеміне әсер етеді. Егер бір адам тоқтап қалса, жұмыс жүрмейді. Жұмыс ауысымды, 8 сағаттық. Осы уақытта өзімізге тиесілі барлық тапсырманы аяқтауымыз керек. Қазір жоғары білім алған жастар басшы болып келеді. Олардың өндірістік тәжірибесі аз болғандықтан қажет кезде көмек сұрайды. Біз әрдайым дұрыс жолын көрсетуге әзірміз», - деді металлург.
Еркін Куканов Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы. Училище бітірген соң Ақтөбе хром қосындылары зауытына жолдамамен жіберілген. Зауытта негізгі мамандығы бойынша жұмыс ұсынбаған соң металлург спорт нұсқаушысы болды. Сөйтіп Мәскеуде өткен халықаралық марафонға қатысып, 42 шақырымдық қашықтықты 2 сағат 37 минутта еңсерді. Жүгіру, шаңғы тебу спортымен шұғылданатын металлург әлі күнге дейін демалыс күндері спортпен шұғылданады, ұзақ қашықтыққа жүгіреді.
«Жұмысым ауыр, кетемін деген ой мүлде болған жоқ. Қазір Қожды қайта өңдеу цехының қожшысымын. Біз металл балқыту процесінен соң келген қожды қабылдап, қож суыған соң оны ұнтатамыз. Ұнтақталған қож жол, үй құрылысына жіберіледі. Яғни, шлактан іргетасын қалап, кейде үй салып жатады. Кейде металл келеді, соны жинаймыз»,- деді Еркін Тұрдыбайұлы.
Металлург таяуда ЭКСПО халықарылық көрмесіне де барып келді. Бірнеше шығыс, батыс елдерінің павильонын аралады, Нұр Әлемді тамашалады. Екі баланың әкесі, тәжірибелі маман ұзақ жыл бойы бір салады еңбек етіп, негізгі мамандығын металлургияға ауыстырғанына еш өкінген емес.
Ал Ақтөбе ферроқорытпа зауытындағы Шикі құрам дайындау цехының кран машинисі Ерсайын Аманғосов 34 жылдан 15-20 метр биіктіктен металл балқытуға арналған шикізатты жинақтап, жеткізіп отыр. Қыста салқын, жазда ыстық. Ол бәріне шыдады, металлургия саласынан тастап кетпеді. Өзі еңбек еткен 30-жылдан астам уақытта қанша кранды ауыстырғаны есінде жоқ. Тек соңғы техника жұмысты жеңілеткен.
«Алғаш кезде қалақ пен сыпырғыш алып ұнтақтаушы болдым. Қож тонналап келеді. Оны біз бір ауысымда бітіріп, келесі ауысымға тап-таза етіп тапсыруымыз керек. 5-6 жылдан соң зауытта кран машинисіне арналған курсты тәмамдап, жаңа жұмысқа кірістім. Алғаш кезде қиын болды. Тәжірибелі машинистерден сұрап, білмегенімді меңгердім. Бұрынғы кранның рөлі болды, қазір арнайы тетік бар. Есептеп қарасам, 40 жылға жуық уақыттан бері зауытта жүрмін. Кейде жастар келеді, бір аптадан соң кетіп қалады. Жұмыс қиын, жауапты. Бұл жерге шыдамдылар ғана тұрақтайды. Қала баласы емес, ауылдың қарадомалағы ауыр жұмысқа төзімді келеді. Қара күштің иесі ғана металлург болады»,- деді Ерсайын Аманғосов. Жоғарыда отырып, төменде жүрген металлургтердің айтқанын бұлжытпай орындайтын кран машинисі соңғы жылдары ұялы телефонның да пайдаға жарағанын айтты. Яғни, жұмыс басталған кезде шикі құрамды дайындаушылар металл балқытуға қажетті әктас, кокс секілді заттардың мөлшерін айтады.
«Металл балқыту қазақша ет пісірумен бірдей. Ет асқанда бірнеше сатымен тамақ дайындалады, металл балқытқанда бірнеше шикізат араластырылады. Соныңда металл шығады», - деді ол. Ерсайын Аманғосовтың бүгін еңбегі еленді. Ол «Қахромның құрметті жұмысткері» төсбелгісі мен сыйақы алды.