Қара шатқалдағы аспалы әйнек көпірдің жаңа эскизі таныстырылды
ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облысында жаңа туристік нысанның жобасы таныстырылды.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, инвесторлар Кеген ауданы Қара шатқал туристік аймағында салынатын аспалы әйнек көпірдің жаңа жобасын ұсынды.
Жобаның жалпы құны — 1,5 млрд теңге болады. Ал құрылыс кезеңінде 120 жұмыс орны, ал нысан пайдалануға берілгеннен кейін 58 тұрақты жұмыс орны ашылмақ. Нысан толық іске қосылғаннан кейін жылына 400–600 мың турист қабылдай алады.

— Қазіргі таңда автотұрақ пен павильон құрылысына арналған алаңды дайындау және тегістеу бойынша жер жұмыстары аяқталған. Ал жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. Сараптама қорытындысы алынғаннан кейін құрылыс-монтаж жұмыстары басталмақ, — деп хабарлады әкімдіктен.

Еске салайық, 2024 жылы Алматы облысындағы Қара шатқалға ұзындығы 170 метрлік әйнек көпір салынатыны белгілі болды.
Былтыр Қара шатқалдағы аспалы әйнек көпірдің жобасы қай сатыда екенін жазғанбыз.