Қарабақтағы шиеленіс: Әзербайжан мен Армения өкілдерінің келіссөзі аяқталды

қарабақ
Фото: АЗЕРТАДЖ

Бүгін Әзербайжан Республикасы президентінің шақыруымен Евлах қаласында Қарабақтағы армян тұрғындарымен байланысқа жауапты Рамин Мамедов Қарабақтағы армян тұрғындарының өкілдері Сергей Мартиросян және Давид Мелкумянмен кездесті. ҚазАқпарат бұл туралы АЗЕРТАДЖ-қа сілтеме жасап хабарлайды.

Мәлім етілгендей, кездесу сындарлы және позитивті сипатта өткен.

Әзербайжан өкілі Р. Мамедов қатысушыларды Қарабақтағы армян халқын реинтеграциялау, инфрақұрылымды қалпына келтіру және Әзербайжан Республикасының Конституциясы мен заңдары негізінде іс-шараларды ұйымдастыру жоспарымен таныстырған.

Сондай-ақ Әзербайжан Қорғаныс министрлігінің терроризмге қарсы шараларды тоқтату туралы 20 қыркүйектегі мәлімдемесінде көрсетілген мәселелерді тез арада жүзеге асырудың маңыздылығы атап өтілген.

Өз кезегінде Қарабақтағы армян тұрғындарының өкілдері өңірде жанар-жанармай тапшылығы бар екенін жеткізген. Сонымен қатар олар азық-түлік түріндегі гуманитарлық көмек сұрады.

«Кездесу қорытындысы бойынша олардың өтініші оң қабылданды. Атап айтқанда, жақын арада балабақшалар мен мектептерді жылу жүйелерімен қамтамасыз ету, сондай-ақ жедел медициналық көмек пен өртке қарсы қызметтерді отынмен қамтамасыз ету және гуманитарлық қолдау көрсету жоспарланып отыр», - делінген агенттік ақпаратында.

«ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісінің жазуынша, кездесу екі сағаттан астам уақытқа жалғасты.

Армян тарапы келіссөз нәтижесі бойынша Бакумен ешбір түпкілікті шешім қабылданбағанын, мәселелер бойынша келісім қажет етілетінін мәлімдеген.

Тараптар алдағы уақытта кезекті кездесу өткізуге келісті.

Бүгін екі ел тараптары Әзербайжандағы Евлах қаласында кездесу өткізіп жатқанын бұған дейін жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар