Қарағанды облысына тасқын қаупі төне ме

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Қарағанды облысы көктемгі тасқын маусымына күрделі әрі екіұшты көрсеткіштермен қадам басты: қалың қар, тоң болып қатқан жер және қар құрамындағы ылғал қорының әркелкі болуы. Синоптиктер көктемгі су тасқынының өрбуіне қатысты алдын ала болжамды жария етті.

ШҚО-да су тасқыны қаупі бар аудандарға тікұшақпен барлау жүргізілді
Фото: ШҚО ТЖД

Өңірде су тасқыны кезеңіне дайындықтың белсенді кезеңі басталды. Қазіргі таңда жағдайды 30 гидрологиялық бекет тұрақты бақылауда: оның 23-і өзен арналарына орналастырылған, екеуі — Балқаш көлінде, ал бесеуі ықтимал қауіпті аумақтарда маусымдық режимде жұмыс істейді.

Қарағанды облыстық «Қазгидромет» филиалының мәліметінше, облыс аумағының басым бөлігінде күзгі топырақ ылғалдылығы норма деңгейінде немесе одан төмен қалыптасқан. Ылғал мөлшерінің артуы негізінен өңірдің шығыс және солтүстік-шығыс бөліктерінде байқалады.

Мәселен, Шет ауданында күз айларында 150 мм норма кезінде 165,5 мм жауын-шашын түскен. Ақтоғай ауданында бұл көрсеткіш 76 мм норманың орнына 163,3 мм болған. Ал Нұра ауданында, керісінше, 114 мм орнына 74,8 мм ғана тіркеліп, нормаға жетпеген. Қарқаралы ауданында 82 мм нормаға 90,9 мм, Бұқар жырау ауданында 91 мм нормаға 83,3 мм, Осакаров ауданында 87 мм норманың орнына 92,2 мм жауын-шашын жауған.

Биыл қыста топырақтың қату тереңдігі 35-тен 142 сантиметрге дейін жетті. Ең жоғары көрсеткіш Бұқар жырау ауданында тіркелсе, ең төменгі мән Осакаров ауданында байқалған.

Филиал мамандарының нақтылауынша, Нұра өзені алабында топырақтың орташа қату тереңдігі 126 сантиметрді құрайды. Шерубай-Нұра алабында — 75 сантиметр, ал Тоқырауын өзенінде — 54 сантиметр. Бұл мәндер өткен жылмен салыстырғанда жоғары болғанымен, 2023–2024 жылдардағы көрсеткіштерден едәуір төмен.

Мамандардың айтуынша, дәл осы қату тереңдігі еріген қар суының жерге сіңу жылдамдығын және өзендерге құятын ағын көлемін айқындайтын негізгі факторлардың бірі. Жер неғұрлым терең қатса, еріген су топыраққа баяу сіңіп, өзен арнасына жылдамырақ жетуі мүмкін.

28 ақпандағы жағдай бойынша қар жамылғысындағы су қоры алаптардың басым бөлігінде орташа көпжылдық көрсеткіштерден төмен. Нұра өзені бойынша қардағы су қоры 40 мм болып, бұл норманың 105 пайызын құрайды. Шерубай-Нұрада — 44 мм немесе норманың 65 пайызы. Тоқырауын бойынша — 47 мм, яғни 53 пайыз.

Қосымша ықпал ететін факторлардың бірі — мұз қабығының қалыңдығы. Нұрада оның орташа қалыңдығы 7 мм, Шерубай-Нұрада — 9,1 мм, ал Тоқырауында 1 мм-ден аз. Мұз қабығы еріген судың сіңуіне кедергі келтіріп, беттік ағынды арттыруы ықтимал.

Соған қарамастан, қыстың соңғы айы жауын-шашынға бай болды. Осакаров ауданында 49 мм қар түсіп, бұл нормаға қарағанда екі есеге артты. Нұра ауданында 45 мм орнына 87,2 мм тіркелді. Қарқаралы ауданында көрсеткіш нормадан екі еседен астам асып түсті. Айтарлықтай артық жауын-шашын Шет және Ақтоғай аудандарында да байқалды.

Алдын ала есептеулерге сәйкес, наурыз айында ауа температурасы климаттық нормадан шамамен бір градусқа жоғары болуы ықтимал. Орташа айлық температура –7,1-ден +0,7 градус аралығында болжанып отыр. Жауын-шашын мөлшері облыстың басым бөлігінде нормаға жуық болады, алайда шығыс аудандарда одан артық түсуі мүмкін.

Жыл-ұқсастық ретінде мамандар 2010 жылды қарастырып отыр. Ол жылы көктемгі тасқын орташа су молдығымен өтіп, ең жоғары су шығарылымы секундына 151 текше метрге жеткен.
Негізгі гидрологиялық болжам 5 наурызда жария етіледі. Осыдан кейін өңірдегі тасқын үдерісінің қалыптасуы туралы ақпарат апта сайын жаңартылып отырады.

Мамандардың айтуынша, түпкілікті жағдай көбіне күннің жылыну қарқыны мен көктемгі жауын-шашынның сипатына байланысты болмақ.

Осыған дейін Қазақстанда су тасқынына дайындық басталғаны жайлы хабарлаған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар
Референдум