Қарағанды облысында 252 млн теңгеден астам алимент берешегі өтелді
АСТАНА. KAZINFORM — Қарағанды облысында прокурорлық қадағалау шаралары нәтижесінде жыл басынан бері алимент бойынша 252,4 млн теңге берешек өтеліп, жүздеген баланың алимент алу құқығы қалпына келтірілді. Сот шешімдерін орындаудан жалтарған борышкерлер мен заң талаптарын бұзған сот орындаушылары да жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Бас прокуратура мәлім етті.
Жыл басынан бері 50 прокурорлық қадағалау актілері қаралған. Нәтижесінде мемлекет кірісіне 323,9 млн теңге өндірілген.
Прокурорлық қадағалау актілері бойынша анықталған заңнаманы бұзғаны үшін 58 сот орындаушысы тәртіптік жауаптылыққа тартылды, сот шешімдерін орындаудан жалтарғаны үшін 41 борышкер әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
— Прокуратура органдары баланы ұстауға арналған қаражатты төлеуден қасақана жалтарған адамдарға қатысты қылмыстық-құқықтық сипаттағы шаралар қабылдауда. Ағымдағы жылы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 139-бабы бойынша 23 сотқа дейінгі тергеп-тексеру тіркеліп, төрт борышкер қылмыстық жауаптылыққа тартылды, — делінген хабарламада.
Мәселен, өңір тұрғыны «З» үш айдан астам уақыт бойы кәмелетке толмаған балаларына алимент төлеуден жалтарып, 2,7 млн теңге көлемінде берешек жинаған. Сот үкімімен оған пробациялық бақылау белгілене отырып және жылына 100 сағат мерзімге мәжбүрлі еңбекке тарта отырып, бір жыл бас бостандығын шектеу түрінде жаза тағайындалды.
Қарағанды облысының прокуратурасы ата-аналардың өз балаларын асырау міндеті тек моральдық парыз ғана емес, сонымен қатар заңталабы екенін еске салды.
Сот шешімдерін орындаудан жалтару заңда белгіленген әкімшілік және қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады. Сот актілерінің орындалуын қамтамасыз ету және балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі жұмыс жалғасуда және облыс прокуратурасының тұрақты бақылауында.
Еске сала кетейік, Астанада алимент төлемеген борышкер 5 млн теңге қарызбен қайта сотталды.