Қарағанды облысында сегіз табиғи өртпен күресіп жатыр

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Қарағанды облысында табиғи өрттерді сөндіруге 500-ден астам адам мен 145 техника жұмылдырылды. Кейінгі тәулікте өңірде жалпы аумағы шамамен 90 гектар болатын бес өрт ошағы ауыздықталды, тағы сегіз ошақ бақылауда қалып, оларды сөндіру жұмыстары тәулік бойы жалғасып жатыр.

Қарағанды облысында сегіз табиғи өртпен күресіп жатыр
Фото: Экология министрлігі

Шет, Бұқар жырау және Қарқаралы аудандарында таулы-далалы жерлерде құрғақ шөп пен бұталардың тұтануынан пайда болған табиғи өрттерді сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Тілсіз жаумен күреске Төтенше жағдайлар министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың 500-ден астам қызметкері және 145 техникасы тартылды.

Қарқаралы ауданының Бесоба ауылындағы өртті сөндіруге ТЖМ-нің «Қазавиақұтқару» тікұшағы жұмылдырылды. Әуе кемесі су төгетін арнайы құрылғымен жабдықталған. Тікұшақтан жалпы көлемі 12 тонна болатын су төрт рет төгілді.

— Жағдайға таулы-далалы жер бедерінің қолжетімсіз болуы, ауа райының ыстық әрі құрғақ болуы және екпінді жел әсер етіп отыр. Жұмылдырылған барлық күш пен құралдың жұмысын үйлестіру мақсатында Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаментінде жедел штаб құрылды, — деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

ТЖД мәліметінше, қазіргі уақытта елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ. Табиғи өрттерді сөндіру және олардың таралуына жол бермеу жұмыстары тәулік бойы жүргізіліп жатыр.

Бұған дейін Қарағандыда 7 гектар жер өртеніп, қалаға түтін жайылғанын хабарланған болатын.