Қарағанды облысының 40-қа жуық медицина қызметкері алаяқтық жасаған

АСТАНА. KAZINFORM – Қарағанды облысы бойынша Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті біліктілік тестілеу нәтижелерін қолдан жасаудың бірқатар фактілерін анықтады. Жалақыға үстемеақы алу үшін 30-дан астам медбике мен 7 дәрігер алаяқтыққа барған.

Электронды медициналық кітапша қаржыны үнемдейді – министрлік
Фото: freepik.com

Ішкі талдау барысында Қарағанды облысының медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің қызметкерлері деректердің бұрмаланғанын анықтады.

Ведомствоның мәліметінше, тест тапсырғанын растайтын құжатты алу үшін дәрігерлер мен медбикелер 200 мыңнан 300 мың теңгеге дейінгі сома төлеген. «Көмекшілер» тест тапсырғандардың жеке куәліктерінің нөмірлерін деректер базасына енгізген. Содан кейін олардың аты-жөнін және басқа да мәліметтерін өзгерткен. 

Алайда арнайы бағдарлама нәтижелердің жалған екенін көрсеткен. 39 құқық бұзушының екеуі Ұлытау облысының денсаулық сақтау жүйесінде жұмыс істейді. Медицина қызметкерлеріне қатысты әкімшілік материалдар тіркеліп, дәрігерлерге айыппұл салынды.

- Бұл әрекет жүйені алдау болып саналады. Біз бұл сертификаттарды ресми түрде тоқтаттық. Осы адамдарға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 432-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік шаралар қабылданды. Бұл тұлғалар кінәсін мойындап, айыппұл төледі.

Қазіргі уақытта департамент құқық қорғау органдарына алаяқтық фактісі бойынша іс қозғау үшін құжаттар жинақатап жатыр, - деп хабарлады Қарағанды облысы бойынша Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің басшысы Ольга Смирнова.

Еске салсақ, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова өткен жылдың соңында медициналық ұйымдардың кредиторлық берешегі 44%-ға, ал мерзімі өткен берешек 19%-ға төмендегені жайлы айтқан болатын

Соңғы жаңалықтар