Кредиттік қарызы бар медициналық ұйымдар саны 26%-ға азайды – Министр

АСТАНА. KAZINFORM –  Өткен жылдың соңында медициналық ұйымдардың кредиторлық берешегі 44%-ға, ал мерзімі өткен берешек 19%-ға төмендеді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова айтып берді.

министр здравоохранения Акмарал Альназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

− Соңғы жылдары медициналық ұйымдардың «кредиторлық берешек» мәселелері орын алды. Жүргізілген талдау нәтижелері бойынша 3 басты себеп анықталды: төмен тарифтер, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың негізсіз сатып алынуы және қаржылық тәртіп пен басқарудың жеткіліксіз деңгейі, − деді А.Әлназарова Мәжілістегі Үкімет сағатында.

Осыған байланысты өткен жылдың наурызында жедел шараларды қамтитын іс-шаралар жоспары бекітілген.

− 2024 жылы 5 бейін бойынша тарифтерді ұлғайтуға басымдық берілді, нәтижесінде медициналық ұйымдарда көрсетілетін көмек сапасын едәуір арттыруға және қаржылық жағдайын жақсартуға мүмкіндік берді. Тарифтердің жалпы өсімі 52%-ды, ал қаржыландыру сомасы жылдық есеппен 20 млрд теңгені құрады. 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап паллиативтік көмек көрсету тарифтері 42%-ға, балаларға арналған реабилитицаялық көмек көрсету тарифі 20%-ға ұлғайды. Осының нәтижесінде, өткен жылдың соңында медициналық ұйымдардың кредиторлық берешегі 44%-ға, ал мерзімі өткен берешек 19%-ға төмендеді, - дейді министр.

Сонымен қатар, кредиторлық берешегі бар медициналық ұйымдар саны 26%-ға қысқарған.

Мұнымен қоса, 2025 жылы 9 бейін бойынша тарифтерді ұлғайтуға қосымша қажеттілік 84,2 млрд теңгені құрап отыр.

Бүгін Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева Үкімет сағатында адамдардың медициналық қызметтердің көрсетілуіне қанағаттану деңгейі төмендегенін, МӘМС-ке қатысты берілген нақты ұсыныстар орындалмай отырғанын айтқан еді.

Өз баяндамасында Денсаулық сақтау министрі Қазақстанда өлім азайғанын, өмір сүру ұзақтығы артып, саланы қаржыландыру көлемі артқанын айтып отыр.

Сондай-ақ, Ақмарал Әлназарова медициналық сақтандыруға қатысты жаңа заңнамада қандай өзгерістер болатынын айтып берді.

Соңғы жаңалықтар