Қарағанды облысының мәдениет басқармасына жаңа басшы тағайындалды

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Қарағанды облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы болып Ғалымжан Өтелбайұлы тағайындалды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Ғалымжан Өтелбайұлы
Фото: Қарағанды облысының әкімдігі

Кадрлық өзгерістер туралы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев аппарат отырысында хабарлады.

Ғалымжан Өтелбайұлы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Мемлекеттік халықаралық қазақ-түрік университетін және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің магистратурасын тәмамдаған. Ол тарих магистрі.

Еңбек жолын БАҚ-та бастады. Қазақ радиосында қоғамдық-танымдық бағдарламалардың редакторы, сондай-ақ Қазақстан ҰТА редакторы болған. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінде түрлі лауазымдарда жұмыс істеді. 2012 жылы Қарағанды облысы мәдениет басқармасы бастығының орынбасары, 2016-2018 жылдары Алматы қаласы Мәдениет және мұрағаттар басқармасының басшысы болды. 2022-2024 жылдары ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Қазақ әуендері» АҚ президенті қызметін атқарды.

Еске салсақ, Алматы облысында Денсаулық сақтау басқармасының жаңа басшысы тағайындалды. 

Соңғы жаңалықтар