Қарағандыда амур жолбарысының екі марғауы дүниеге келді
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM – Қарағанды хайуанаттар бағында көптен күткен қуанышты оқиға болды – Мия және Батыр есімді амур жолбарыстары жұбының екі марғауы өмірге келді. Шала туған әрі әлсіз болып туғанымен, бүгінде олар тез өсіп, айтарлықтай ширап қалған.
Марғаулар 30 сәуір күні дүниеге келген. Туған кездегі салмақтары небәрі 450 және 530 грамм болған. Барлық марғаулар секілді алғашқы күндері олардың көздері ашылмай, ерекше күтімді қажет етті. Алайда бір айдың ішінде олар айтарлықтай салмақ қосып, қазір әрқайсысының салмағы екі келіден асты.
Хайуанаттар бағы қызметкерлерінің айтуынша, марғаулардың тәбеті жақсы, қарқынды дамып келеді және өздерін жақсы сезінеді. Ал анасы Мия төлдеріне ерекше қамқорлық танытып отыр. Бұл – оның екінші рет төлдеуі.
– Мия аналық міндетін өте жақсы атқарып жүр. Күшіктер белсенді, жақсы өсіп келеді және күн сайын ширап барады, – дейді хайуанаттар бағының қызметкерлері.
Мамандардың мәліметінше, екі марғау да – еркек.
Амур жолбарысы – әлемдегі ең сирек кездесетін әрі ең ірі жолбарыс түрлерінің бірі. Сондықтан хайуанаттар бағында мұндай төлдің дүниеге келуі мамандар тарапынан сирек кездесетін жыртқыштарды сақтаудағы маңызды оқиға ретінде бағаланып отыр.
Еске салсақ, осыған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинге Қазақстан аумағында жолбарысты қайта жерсіндіру ісінде қолдау көрсеткені үшін ризашылығын білдірді.