Қарағандыда қарақшылық шабуыл мен ұрлық жасаған ер адам ұсталды
АСТАНА. KAZINFORM — Қарағандыда полицейлер қарақшылық шабуыл мен ұрлық жасады деген күдікпен 30 жастағы қала тұрғынын жедел түрде қолға түсірді.
Полицияның хабарлауынша, күдіктінің әрекеті бірнеше қылмыстық эпизодқа қатысы бар екенін тергеу барысында анықталды.
Оқиға дүйсенбі күні күндіз болған. 67 жастағы қала тұрғыны дүкеннен үйіне қайтып келе жатқанда, артынан жүгіріп келген бейтаныс ер адам оның мойнындағы алтын алқаны жұлып алып, ізін суытқан. Жәбірленуші келтірілген материалдық шығынды 400 мың теңгеге бағалады.
— Зейнеткер бірден полицияға хабарласып, күдіктінің сыртқы келбетін егжей-тегжейлі сипаттап берген. Жедел әрекет еткен тәртіп сақшылары алынған бағдар бойынша күдіктінің жеке басын және жүрген жерін қысқа мерзімде анықтап, оны ұстады, — деп хабарлады полиция.
Ұсталған азамат өз кінәсін толық мойындады.
Оның айтуынша, ұрланған алтын алқаны ломбардқа өткізіп үлгерген. Алайда полиция қызметкерлері зергерлік бұйымды айғақты зат ретінде тәркілеп, қайтарып алды.
Тергеу барысында күдіктінің бұл қылмысқа алдын ала дайындалмағаны, бірақ оған дейін велосипед ұрлағаны белгілі болды.
Ұрланған велосипедпен келе жатып, мойнында алтын алқасы бар зейнеткерді байқап, көлікті жақын маңдағы аулалардың біріне қалдырады. Содан кейін әйелге шабуыл жасап, алтын алқасын жұлып алып, қайтадан велосипедке мініп, оқиға орнынан қашып кеткен. Қазіргі уақытта ұрланған велосипедтің заңды иелері анықталып, өз мүлкін таныды.
Күдікті сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезеңіне уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полицейлер оның осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.