Қарағандыда заңсыз жекешелендірілген мектеп ғимараты мен жер телімі мемлекетке қайтарылды

АСТАНА. KAZINFORM – Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты прокуратураның талап-арызы негізінде №16 орта мектептің қос қабатты ғимараты мен 1 гектардан астам жер телімін сату-сатып алу мәмілелерін жарамсыз деп таныды.

прокуратура
Фото: Бас прокуратура

Сотқа жүгінуге мектептің ауданы 1165,79 шаршы метр болатын екі қабатты қосалқы ғимаратын кеңейту кезінде жекешелендіру және 1 гектардан астам жер телімін беру барысында анықталған заң бұзушылықтар негіз болды.

- Оқу орны жұмысын жалғастыруына байланысты мектеп балансында тұрған нысан жекешелендіруге жатпайтындығы анықталды. Мәміле қолданыстағы заңнама талаптарын бұза отырып жасалған, - деп жазды бақылаушы органнан.

Сот прокуратураның талаптарын қанағаттандырып, сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп таныды және Қарағанды қаласы әкімдігінің тиісті қаулысының күшін жойды. Мүлік мемлекеттік коммуналдық меншікке қайтарылды.

Шешім 2025 жылғы 20 маусымда заңды күшіне енді.

Бұған дейін прокуратураның бастамасымен заң бұзушылықпен берілген Ленин атындағы кинотеатр да мемлекет меншігіне қайтарылған болатын.

Айта кетейік, Қарағандыда жаңа туған сәбилер «саудасына» қатысты іс қаралып жатыр.

Соңғы жаңалықтар