Қарағандылық экологтар стихиялық қоқыс орындарына бейнебақылау орнатуды талап етті

АСТАНА. KAZINFORM – Бюджет есебінен бірнеше рет тазартылғанына қарамастан, стихиялық қоқыс үйінділері қайта пайда болуын тоқтатар емес. Экологтардың пікірінше, жүйелі бақылау мен нақты жауапкершілік болмай, бұл мәселені шешу мүмкін емес.

Карагандинские экологи настаивают на видеонаблюдении в зонах стихийных свалок
Коллаж: Kazinform

Қарағанды облысында қалдықтарды заңсыз төгу экологиялық тұрғыдан ең өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Аумақтарды тазалауға қомақты қаражат бөлінгенімен, қоқыс үйінділері қайтадан пайда болуда. Өткен жылы ғана өңірде шамамен 580 рұқсатсыз қоқыс орны жойылған, алайда бұл тұрақты нәтиже берген жоқ.

Соның бір мысалы – Теміртау қаласындағы Аманжолов пен Подгорная көшелерінің бойына созылып жатқан ірі қоқыс алаңы. Оны жоюға бюджеттен шамамен 100 млн теңге бөлінген. Экологтардың айтуынша, мұндай орындар жылдар бойы қалыптасып, «қоқыс орындары» санатына өтеді.

Қарағанды облысы Экология департаменті басшысының орынбасары Айман Құлатаева өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мұндай қалдықтарды шығару тек сот арқылы иесіз деп танылғаннан кейін ғана мүмкін болатынын атап өтті.

– Көптеген қала мен ауданда қоқыс орындары бар. Ұзақ уақыт бойы мәселе шешілмей келеді, себебі қалдықтарды шығару үшін сот шешімі қажет. Тек содан кейін ғана қосымша қаржыландыру қарастыруға болады, – деді ол.

Оның айтуынша, әкімдіктер осындай аумақтарды толық түгендеп, оларды жоюмен жүйелі түрде айналысуы тиіс. Бұл бағытта өңірде белгілі бір тәжірибе бар, аталған жұмыс 2026 жылы да жалғасады.

Сонымен қатар, аумақтар тазартылғаннан кейін де тұрғындар сол жерлерге қайтадан қоқыс төгуді жалғастырады. Экологтар мұны ресми полигондарда қалдықтарды орналастыру үшін ақы төлеуден жалтарумен байланыстырады.

– Адамдар қоқысты заңдастырылған нысандарға өткізгені үшін төлем жасамау мақсатында рұқсатсыз тастайды. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін қоқыс қайтадан жиналатын орындарға қосымша бейнебақылау камераларын орнату қажет, – деді Айман Құлатаева.

Оның пікірінше, жергілікті атқарушы органдар проблемалы аумақтардың тізімін жасап, құқық бұзушылықтарды анықтау бойынша рейдтер санын арттыруы керек.

Экологтар қоқыс орындарының көбеюіне себеп болып отырған тағы бір фактор ретінде экологиялық және санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сай келетін полигондардың тапшылығын атайды.

– Облыста қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған заңдастырылған полигондар мәселесі әлі де өзекті. Қазіргі таңда 168 полигон бар, бірақ соның тек 53-і ғана ресми мәртебеге ие, – деді экология департаментінің өкілі.

Мәселені жүйелі шешу үшін өңірде табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасымен бірлесіп жол картасы әзірленген. Оның аясында Бұқар жырау, Қарқаралы, Шет, Осакаров және Нұра аудандарында сұрыптау желілері бар жаңа полигондар салу жоспарланып отыр.

Еске салайық, Қарағандыдағы 149 көпшілік демалыс орнының 80-і санитарлық талапқа сай емес.

Соңғы жаңалықтар